«ТЕГІН ІРІМШІК» НЕМЕСЕ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫН ҚАЛАЙ ТАНИМЫЗ?

Қаржылық дағдарыс аз-маз қыспаққа ала бастағаннан қалта қағудың түрлі тәсілдері бой көрсете бастайды екен. Бүгін шыққан үрдіс емес. Ежелден солай. «Қаржы пирамидасы құрушыларының құйтырқы әрекеттерін қалай танимыз? Бойымызды қалай аулақ салып, қалай сақтанамыз?» деген тақырып төңірегінде сөз етпекпіз.

Бұл құрылым — тамырын тереңге жіберген арам шөп іспетті. Ең бірінші пирамиданы 1717 жылы Францияда қаржыгер Джон Ло құрған еді. Оның іс-әрекетінен Франция халқының бір бөлігі және экономикасы үлкен зардап шекті. Адамзат баласы куә болған пирамидалардың ішіндегі ең шырқау шегіне жеткені С.Мавроди ұйымдастырған «МММ» АҚ деген атпен танылған қаржылық ұйым. Күйрей отырып миллиондаған адамның тағдырын күйзелткен. Ең сорақысы, 50 адам өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасқан. Ал, «ғасыр пирамидасы» деген атпен танылған істі 1960 жылы америкалық Бернард Мэдофф ұйымдастырды. Нәтижесінде 3 миллион салымшы зардап шекті.

Елімізде де әр жыл сайын салымшыларын тақырға отырғызып кеткен бірнеше ұйымның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Ол жағдай көпшілікке құлағдар етіледі. Бірақ, сонда да қарапайым халықтың алаяқтар арбауына түсуі азаймай отырғаны қалай? Жоқ, бұған қаржылық сауатымыздың кемшін болуы кесірін тигізуде ме?

Алдыңызда тұрған ұйымның қаржылық пирамида екенін анықтауға мүмкіндік беретін бірнеше белгілерді назарларыңызға ұсынамыз:

  1. Уәкілетті мемлекеттік органнан депозиттер қабылдауға лицензиясы болмауы;
  2. Ұйымның мемлекеттік тіркеуінің болмауы;
  3. Ұйымның тарихы, қазіргі жай-күйі туралы қандай да бір сенімді ақпараттың болмауы;
  4. Салған салымыңыздың сақталатынына нотариалдық кепілдіктің болмауы;
  5. Салынған қаражатыңыздың орта деңгейінен асатын негізсіз жоғары кірісті уәде етуі;
  6. Жаңа қатысушыға бонустар төлеу;
  7. Міндетті кіру жарнасы;
  8. Қатысушыларына қымбат сыйлықтар үлестіре отырып, жарнамалық шоу-презентациялар ұйымдастыру;
  9. Кіріс көздері, қаражат айналымы, бизнес-процестердің ашық болмауы.

Ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келіп отырған ұйымда жоғарыда келтірілген белгілердің бірнешеуі болса, аса САҚ БОЛҒАНЫҢЫЗ ЖӨН! Абай айтпақшы, «Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ қарғып түсем деп, мертігеді, жатадының» кебін кимеу үшін, екі шоқып бір қараңыз.

Қаржылық пирамиданың бір ғана қатал заңы бар – біреуден алып екіншіге беру. Бүгін пайда таптыңыз ба? Бірақ, күні ертең сіздің есебіңізден екінші біреу зардап шегіп қалатыны анық. Сондықтан, мұндай «батпан құйрықтан» екі қолыңызды құлағыңызға басып, лаулаған оттан қашқандай қашыңыз. Сонда ғана жалыны шарпымайды, түтіні кеудеңізді толтырмайды.

Қазақ бабам мұны бір-ақ ауыз сөзбен «Тегін ірімшік тек қақпанда» деп түйіндепті. Тегін ірімшікке телмірмей, маңдай терімізді тамшылатып тапқан табысқа не жетсін!

Нұрила ШЫНӘДІЛ.