ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНЕ ҚОЛДАУ АРТПАҚ

Шымкент қалалық білім, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі, сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары мен «Shymkent» ӘКК АҚ және Академик А.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті «Техникалық мамандар кадрлық резерві» жобасын іске асыру бойынша өзара бірлескен меморандумға қол қойды.
Жобаның мақсаты — жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде белгілі бір кәсіптік-техникалық білімі бар жастарды жаңа технологияларды игеруге, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, келешекте солардың орнын басуға, сондай-ақ орта және ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастыруға бағытталған.
Университет қабырғасында өткен жиында аталмыш оқу орнының ректоры Рабиға Қуатбекова жоғары білім беретін оқу ордасының бүгінге дейінгі жетістіктері жөнінде баяндап берді.
Өз кезегінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова алдағы уақытта екі мыңнан астам жас техникалық мамандықтар бойынша шетелдік тәлімгерлерден тәжірибеден өтіп, заманауи озық технологиямен жабдықталған өндіріс орындарында тұрақты жұмысқа орналасатынын жеткізді.
Сондай-ақ жиында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдаулар және бұл бойынша мегаполисте іске асырылылған нақты жұмыстар жайлы мәлімдеді.