«ТИК-ТОК» ҚАЙЫНАТАММЕН ТАТУЛЫҒЫМЫЗДЫ НЫҒАЙТА ТҮСТІ»
Мөлдір Мұратбекқызы Тараз шаһарының келіні. Жай келін емес, қазақ контентінде ең алғаш қайын атасымен тик-ток түсірген келін. Шыны керек, бұл батыл бастамаға сын жазушылар өте көп. Бірақ, Дүйсеқұловтар отбасының келіні «керсінше, тик-ток отбасымыздың бірлігін нығайта түсті» деп есептейді.
— Мөлдір, оқырмандарымызға ең алдымен блогерлікке қалай бет бұрғаныңыз жөнінде айтып беріңізші?
— Карантинге байланысты жұмысым тоқтап, үйде уақыттың бос өткеніне көндіге алмадым. Табиғатымнан ізденімпазбын. Инстаграм желісінде республикалық «Дара блогер» жобасы туралы көзім шалып, бірден жазылдым. Мұнда кілең өзім сынды жас келіндер блогерліктің қыр-сырын меңгеріп, өзара бақ сынасады екен. Жоба санға емес сапаға жұмыс істейтін болғандықтан қалай да нәтиже шығаруым керек болды. Көптің бірі болмай қалай да жарқ етуді мақсат еттім.
— Содан кейін бірден қайынатаңызбен билеу ойыңызға түсті ме?
— Жоқ, әрине. «Қалай ерекшеленсем болады» деумен біраз күнім өтті ғой. Бір күні жолдасыма осы ойымды айтып, қайынатаммен ақылдасып көруін сұрап едім, ат-тонын ала қашты. «Жоқ! Біздің папа ешқашан камераның алдында билемейді! Басқа бірнәрсе ойлап тап!» деді де қойды.
— Сонда атаңызды қалай көндірдіңіз?
— Басқа келіндер секілді атаммен мен де көп сөйлесе бермеймін. Тек көңілді сәттерінде ғана аздап ашылып қоятыным бар. Жалпы ол кісі өте ашық-жарқын адам. Бір күні атамның көңіл-күйі көтеріңкі отыр екен. Сол кезде батылдығым ұстап, «Ата, екеуміз видео түсірейікші?» деп қалдым (күліп). Атам күтпеген ұсынысыма сәл ойланды да «жарайды, неге түсірмеске?! Құдағи билесе, маған неге билемеске?!» деп қуантып қойды. Бұған дейін анаммен бірге аздап түсіріп жүрген едім. Соны меңзегені ғой. Содан алғашқы видеомызды желіге жүктедім. Алайда «қайынатам» деп жазуды ұмытып кетіппін. Бірден лүпілдер қаптап, пікірлер көбейді. Бұл маған бастамашы блогер ретінде өте жақсы әсер сыйлады. Ары қарай шабыттанып, атам екеуміз жалғастыра түстік.
— Дегенмен желі қолданушылары «Жас келіннің мұнысы несі? Ұялмайсың ба? Біз атамыздың көзіне тіктеп қарай алмаймыз! Қазіргінің келіндері…деген секілді» негатив пікірлерді жаудырған. Бұл сізге және отбасыңызға қалай әсер етті?
— Мен өзім өте көңілшек жанмын. Алғашында пікірлерді оқып, жылап алатынмын. Әрқайсына түсіндіріп, жауап жазуға тырыстым. Бірақ ешкімнің ойын өзгерте алмайтыныма көзім жетті. Әркім өз шеңберінде ойлайды. Ең қиыны небір ауыр пікірлерден соң қайынатамның бетіне қарай алмай ұялып жүрдім. Ол кісі де оқиды екен, ары қарай түсіргісі келмей қалды. Бірақ мені қолдау үшін көңіл-күйімді түсірмеді. Жоба жетекшісі Нұрзина ханымға хабарласып, жағдайымды айттым. Ол кісі қазір 21 ғасыр екенін алға тартып, ешқандай да әдепсіз қылық жасап жүрмегенімді, керсінше қазақ ұғымында қалыптасып қалған қайыната мен келін арасындағы үлкен бір қамалды жібітіп жатқанымды айтты. Жетекшімнің мотивациялары мені әрдайым қанаттандырады. Ол кісіге қолдауы үшін үлкен рақмет айтамын.
— Бұл танымалдылық отбасылық құндылықтарға қалай әсер етті. Блогерлікті әрі қарай жалғастыру ойыңызда бар ма?
— Расында, бір күні атам жолдасыма былай депті: «Мына тик-ток деген жақсы болды ғой, келініммен мүлде сөйлеспейтін едім, қазір айтылатын әңгіме табылды, ашық-жарқын сөйлесеміз, бір-бірімізді бөтенсімейміз». Расында менің атам өте жақсы, позитивті кісі. Әулетті де уысында ұстай білетін, бірлік пен татулықтың қамалындай сыйлы жан. Кейде өз әкемдей еркелетіп те алады. Біздің үйде салт-дәстүрдің бәрі сақталатындықтан мен қайынатамның артында тұрып билеймін. Кейде енем де биге қосылады. Жолдасым бізді түсіреді. Жалпы мен ақылдасатын істің бәрін тікелей атама айта алмаймын. Тек жолдасым арқылы жеткіземін. Тіпті айнаға қарап та билемейміз. Өйткені мен артында көрініп қаламын да, өзімді ыңғайсыз сезінемін. Басқа отбасыларда қалай, бізде де дәл солай. Шектен шығып жатқан жеріміз жоқ. Керсінше, отбасылық ортақ қызығушылығымыз табылып, бірлігіміз беки түсті. Біздің қоғамда қарттарға көңілді жүруге болмайды деп кім айтыпты, қызық… Егер атам, отбасым қолдай берсе мен блогерлікті тек бұл бағытта емес, басқа да қызықты, пайдалы дүниелер арқылы жалғастыра беремін.
— Әңгімеңізге рақмет! Татулықтарыңыз арта түссін!
Сұқбаттасқан
Аяулым ТАСТАНБЕК.