ТІЛ БОЛАШАҒЫ — ОРТАҚ МҮДДЕ
Ұлтты ұлттан ерекшелдендіретін тіл, дін және діл деген үш түрлі қасиет бар. Осы аталған үшеуінің біреуі жоғалса, бүкіл бір ұлт жоғалады. Ағылшын ғалымы Дэвид КРИСТАЛДЫҢ зерттеуіне сүйенсек, жылына жер бетінен 30-ға жуық тіл жоғалып кетеді екен. Ол – жылына 30 ұлт жоғалып жатыр деген сөз. Біз қазақ тілін және қазақ ұлтын осы 30 деген санның ішіне кіргізбеу үшін қолдан келген барлық іс-шараны қабылдауымыз қажет. 30 жыл бойы тіліміздің қадір-қасиетін арттыруға еңбек етіп келе жатқан қазақтың талай қасқасы мен жайсаңы бар.
Тәуелсіз ел болудың ең негізгі шартының бірі – халықтың болмысына табиғаттың өзі дарытқан ана тілінің абыройын асқақтауында. Өйткені тіл – ұлттың «биологиялық» болмыс-бітімінің күретамыры. Олардың қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тілге айнала қоймағанына жаны ауырып шырылдауында, алаңдап қауіптенуінде негіз бар. Кешегі 70-80 жылдың ішінде бір ауыз сөзге тоқтаған қазақ өзінің ана тілін мейлінше төмендетіп алды. Сол тіл мүлдем қолданыстан шығатындай жағдайға жеткеннен кейін, 1990 жылдардың басында бүкіл ел-жұрт болып, зиялы қауым болып тіл мәселесін көтеріп «Қазақ тілі» қоғамы құрылған болатын. Яғни бұл – республикалық ұйым. Қазіргі қазақ тілінің тұғырын мықтап бекіту үшін Тіл полициясы керек (Бұл мәселені бірқатар зиялы қауым өкілі қозғап та жүр). Басқа мемлекеттерде біздегідей тіл проблемасы болмаса да, тіл саясатын жүргізетін арнайы ұйымдар бар. Мәселен, Финляндия мен Швецияда мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар жұмысқа қабылданбайды. Эстонияда эстон тілі мемлекеттік тіл болғаннан кейін заң бойынша медицина сияқты маңызды сала қызметкерлері мемлекеттік тілді жетік білуге міндетті, ал эстон тілін білмейтін жастардың алдынан қоғамдық маңызды салалардың есігі тарс жабылады. Германияға көшетін азаматтар неміс тілін өз тілінде үйреніп, мемлекетке тілді жақсы білетіндей деңгейде меңгеріп келуі керек. Латвияда тілді білуге міндеттемек түгілі, латыш тіліне жат есімдерді, мысалы, орыстардың фамилиясын латын транскрипциясына сай жазады. Мұндай саясатты кезінде Түркия да Қазақстаннан көшкен қазақтарға қатысты жүргізген. Қазақтың ұзақ есімдері қысқартылып, түрік тіліне сай транскрипцияда жазылып келеді. Ресейде орыс тілінде қате сөйлейтін азаматтарға айыппұл төлетіп, тіпті, қылмыстық жауапқа тарту мәселесін Думадағы ұлтшыл депутаттар талай көтерген. Тиесілі заң да қабылданып кетті.
Елімізде «Тіл туралы» заң бар, бірақ неге орындалмай жатыр? Бұл заңның қабылданғанына біраз уақыт өтсе де, әлі күнге дейін сотта «Тіл заңының» бұзылуына қатысты бірде-бір шара қолданылғанын естімедік. «Мемлекеттік тіл саясатын жүргізбегені үшін қандай да бір басшы қызметінен алыныпты немесе сөгіс беріліпті» дегенді де естіген жоқпыз. Бірақ «Тіл туралы» заңның 24-бабында «… тіл заңдарының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың, кез келген меншік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ, заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады», – деп жазылған, алайда қандай заңдылықты бұзғаны үшін қандай жауапкершілікке тартылатыны ешбір заңда көрсетілмеген.
Демек, «Тіл заңын» бұзушыларға заң жүзінде қолданылатын шара «шегеленбеген». Біздіңше, бұл заңға тіл заңдылығын нақты көрсетіп, оның орындалуын батыл талап етуге жол ашатын тетікті енгізу қажет. Шын мәнінде, елімізге бүгінгі күн талабына лайық тіл саясаты керек. Біз соңғы кезеңде конституциялық заңның барлығына дерлік біраз өзгеріс енгіздік, тек «Тіл туралы» заң ғана өзгеріссіз қалып тұр. Мемлекеттік тіл – сол елдің ең негізгі тілі болғаннан кейін, ол өте тартымды болуы тиіс. Адамдар мемлекеттік тілде сөйлеп, жұмыс істеуі, лауазымдық қызметте өсуі, қабілеті мен іскерлігін көрсетуі қажет.
Мемлекеттік тіл елімізде орыс тілінен де, ағылшын тілінен де үстем тұруы үшін қазақ тілін еркін білетін азаматтар, мамандарды қолдап, бағалау керек, олардың еңбекақысы да қомақты болғаны жөн. Сонда ғана тіл үйренуге деген ынта-жігері арта түседі.
Қай елді алып қарасақ та, халықаралық хаттама бойынша келіссөз мемлекеттік тілде жүргізіледі. Хаттама да сол тілде өтеді. Бұл да – ойлантарлық мәселе. Бұл жерде мемлекеттік мүдде деген мәселе шығады. Мысалы, Ресейде немесе сол сияқты Еуропаның бір елінде жаңағыдай хаттамалық қағида, ереже орындалмайтын болса, сол басшыға еліне келгеннен кейін, мейлі ол мемлекет басшысы болсын, мейлі ол ресми биліктегі басқа адам болсын оларға «сын-ескертпе» айтылады, бұдан кейін ондай кемшілік қайталанбауы тиіс. Міне, сондықтан бізде көбіне мемлекеттік мекемені қазақыландыру деген мәселе осыдан келіп туындайды. Ал қазіргі таңда халықаралық хаттама түгілі, «Ісқағазды қазақша жүргізуге кірісіп кетті» деген түрлі жоғары оқу орынына, облыстардағы мекемеге бара қалсаңыз, әлі күнге дейін ісқағазы таза қазақша жүрмейтінін, ол тек аударма тілі күйінде қалып отырғанын байқайсыз.
Тағы да бір айта кететін мәселе, қазіргі таңда әлем әдебиетінің жауһары, ғылыми еңбектер қазақ тіліне тікелей аударылып жүрген жоқ. Яғни әлем әдебиетінің туындылары орыс тілі арқылы емес, сол еңбек жазылған тілден тікелей қазақ тіліне тәржімаланса құба-құп болар еді. Мысалы, шет тілдер факультетінде оқитын студенттеріміз ағылшын тілін негізгі тіл ретінде және таңдау бойынша француз, неміс, қытай және араб тілдерін қатар меңгеріп шыға алады. Сонда осы студенттердің барлығы бірдей аталған тілдердің оқытушысы бола ма? Неге жас мамандарымызды ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін осындай аудармашылық іске қызықтырмасқа?!
Сондықтан, ел іргесінің тұғырын нығайтайық десек, ана тіліміздің болашағына немқұрайлы қарамайық, оның өркендеп кең қанат жаюына бүкіл ел болып ат салысайық, ұлт мүддесі ұтатын, елдік мұратқа қызмет ететін батыл қимылға ұмтылайық.
Бектұрсын ҚАЛИЕВ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.