ТІЛ ҮЙРЕНУДІҢ ТӨРТ ДАҒДЫСЫ

«Тіл білімі» жайлы сөз етпекке оқталған жан қазақ әліпбиінің, тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегіне жүгінеді. Ахаң сөз өнеріне тірек болатын адам санасының Ақыл, Қиял және Көңіл деген үш негізін атап көрсетеді. Әрі қарай: ақылдың ісі – аңдау, қиялдың ісі – меңзеу, көңілдің ісі – түю, талғау деп әрқайсына тән қызметтерін жіктейді. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау». Тіл дүниені танытып, бейнелейді, тарихты жазады. Ұлттың түрлі кезеңдеріндегі тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, дүниені қабылдауын, сенімін, діни көзқарастарын, тұтынған бұйым-заттарын сол ұлттың тіліндегі көне сөздері, афоризмдері, аңыз-ертегілері арқылы тани аламыз, зерттеп, зерделейміз. Яғни, тіл білудің рөлі аса зор.

Ана тілі арқылы болмысымызды сақтап, тарихымызды түгендеп, алыс-жақынымызды аңдап, жақсы-жасығымызды айырамыз. Ал, шет тілін үйрену арқылы таным көкжиегімізді кеңейтеміз. Күн санап өсіп келе жатқан жаһандану үдерісі бірнеше тілде сөйлесе алатын адамдарға үлкен қажеттілік туғызды. Сауда, туризм, халықаралық қатынастар, технологияның дамуы үшін көп тіл білуге мұқтаждық артты. Көптеген елдер бастауыш және орта мектепте кем дегенде бір шет тілін үйретеді. Бұл – «Бір тіл білсең бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың» деген тәмсілден туған дүние деп ойлаймыз. Ерте балалық шақ — бұл тіл меңгерудің ең жылдам және маңызды кезеңі десек қателеспейміз. Балалардың тілді меңгеруі негізінен ауызша қарым-қатынас барысында қалыптасады. Біз балаларға бағыт-бағдар беріп, мүмкіндіктер жасай алсақ, балалардың тілдік қабілеттерін дамыту оңай.

Тіл үйренуде төрт түрлі дағдыны басшылыққа алған жөн: тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу. Алайда, жақында жалпылау, сипаттау, әңгімелеу және тағы да өзге дағдылар анықталды. Өткен ғасырдың аяғында осы төрт негізгі дағды әдетте өте қатаң тәртіппен оқытылды, мысалы, сөйлемес бұрын тыңдау. Алайда, қазіргі уақытта білім алудағы еркіндік тезірек нәтижеге жеткізетіні мойындалды және барлық дағдыны бір уақытта қолдана берудің еш әбестігі жоқ.

«Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі-тіл, бірі- ділің жүректегі» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, әрбір жан алдымен өзінің ана тілін сүйіп, сол тілде ойлауы тиіс. Ананың уызына жарығандай өз тілінің қайнар бұлағын қанып ішсе, өзге тілдерді үйрену қиындық туғыза қоймайды.

Нұрила ШЫНӘДІЛ