ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Нұр-Сұлтан қаласында 23-31 наурыз аралығында тоғызқұмалақтан өткен жастар арасындағы ҚР чемпионаты өз мәресіне жетті. Спортшылар ойынның блиц, рапид, классика түрінен жекелей сынға түсті. Жарыстың бас төрешісі — халықаралық дәрежедегі төреші М.Шотаев.
Зияткерлік сайыста еліміздің 17 өңірінен 111 ұл мен 137 қыз бақ сынады. Олардың бәрі де өз аймақтарынан таңдалып алынған ең үздік ойыншылар. Аталмыш сайыста Шымкент қаласының спортшылары да қарсыластарына дес бермей, қоржынды 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен толтырды. Атап айтқанда 1-орын Қалыбек Дастан (блиц), 2-орын Батырбек Бейбарыс (блиц), 3-орынды Дүйсен Сержан (классика), Батырбек Бейбарыс (классика), Әкбар Жанарыс (рапид) еншіледі.
— Тоғызқұмалақ тартысты ойын. Бұл жолғы қарсыластарым өте тыңғылықты дайындалып келген екен. Алдын орау оңайға соқпады, барымды салдым. Еңбегім еш кетпей қаламыздың намысын қорғағаныма өте қуаныштымын, — дейді чемпион Д.Қалыбек.
Жарыс соңында жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен медальдар берілсе, чемпион дайындаған бапкерлерге Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің дипломдары табысталды. Спортшыларымызға жеңіс жалғасын таба берсін деп тілейміз!
А.ТАСТАНБЕК.