ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ
Төлеби ауданы аумағындағы барлық елді «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акция аясында сенбілік жұмыстары өткізілді.
Айналаның санитарлық тазалығын сақтау жұмыстарына аудандағы жалпы кәсіпорындардың, қоғамдық, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен аудан тұрғындары, жалпы 800-ге жуық адам атсалысты.
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Бұл бағытта Төлеби ауданы аумағында әр апта сайын тұрақты түрде сенбілік ұйымдастырылуда. Табиғатты қорғау, оның экологиялық тазалығын сақтау бағытында өткен сенбілікте көшелердегі аяқжолдар, саябақ пен скверлер, арық-атыздар ретке келтірілді.
Сенбіліктер — тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Айта кетейік, тазалық шарасында 16 техниканың көмегімен 14,7 тонна қоқыс арнайы аумаққа шығарылды.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі