ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

Бекітілген кестеде көрсетілгендей, Төлеби ауданы әкімінің халықпен кезекті кездесуі Кемеқалған ауылдық округінде жалғасын тапты. Кездесуде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев 2024 жылдың 8 айындағы ауданның әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіштерін хабарлады.
Округ халқы көтерген өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын қарастырылды.
Кездесуде атқарылған жұмыстар ғана емес, кемшіліктер, алдағы жоспарлар да айтылды.
Ауданның инфрақұрылымын жақсарту, елдің әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүзеге асуда. Кемеқалған ауылдық округінде құны 1 млрд 123 млн теңге болатын жер көлемі 13 гектарды құрайтын сыйымдылығы 1 040 мың м3 құрайтын «Қарақуыс» су қоймасы салынуда. Нысан 2025 жылға ауыспалы. Ақбастау елді мекені Төртшал көшесінің 1,6 шақырым жолы орта жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Төртшал және Талдыбастау көшесіне электр желісін жүргізу және трансформатор орнату жұмыстары жүргізілуде. Ақбастау елді мекенінің кіре берісіне және Абай елді мекендерінің орталығына бейне бақылау орнатылды. Қаратөбе елді мекені Қазығұрт, Қаратөбе, Ынталы, Руханият, Сұңқар және Ақбура көшелеріне трансформатор орнатылып, электр желілері жаңартылды.
Жиында тұрғындардың көкейдегі сұрақтарына жауап беріліп, ұсыныстары назарға алынды. Сұрақ жауап форматындағы кездесуде округ халқы түнгі жарық, ауыз су, электр бағаналарын ауыстыру, балалар ойын алаңшасын орнату, жол, тұрғын үй құрылысы үшін жер бөлу, су ағар қою, елді мекеннің санитарлық тазалығы, ауыл халқын кәсіпкерлікке баулу, елді мекен шекарасын бекіту, бұлақ басын каптаждау бағытындағы мәселелерді көтерді. Аталған мәселелер бойынша түсініктемелер берілді.
Кездесуден соң аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дауылбайұлы азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдау барысында әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, бірқатар бөлім басшыларына мәселелерді шешу үшін тиісті тапсырмалар жүктей отырып, заңдылыққа сәйкес жауап берді.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі