Трамп Ким Чен Ынмен кездесуге әзір екенін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесуге әзір. Болжам бойынша, алдағы екі айдың ішінде келіссөздер өтуі ықтимал.

Мұндай ақпарат осыдан бірнеше күн бұрын Пхеньянда Ким Чен Ынмен келіссөздер өткізіп қайтқан Оңтүстік Корея үкіметінің өкілдерімен АҚШ президенті кездескеннен кейін тарады. Олар Ким Чен Ынның Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын доғару және оның ядролық қару-жарағын жою тақырыбын талқылау үшін келіссөз өткізуге шақырған сәлемін президент Трампқа жеткізген.

Трамп Twitter әлеуметтік желісінде жариялаған хабарламасында Солтүстік Кореяның келіссөздер кезінде зымыран сынағын өткізуден бас тартатыны және тарап келісімге келмейінше Пхеньянға қарсы салынған санкциялар күшінде қалатыны туралы жазған.

Осы кезге дейін АҚШ пен Солтүстік Кореяның биліктегі басшылары ешқашан кездескен емес. Бұған дейін Дональд Трамп ұзаққа созылған келіссөздер өткізгенімен, алға қойған мақсатқа жете алмаған өзіне дейінгі президенттердің қателігін қайталамайтыны туралы мәлімдеген.

АҚШ және Солтүстік Корея басшыларының ықтимал кездесуі қашан және қай жерде өтетіні әзірше белгісіз.

https://www.azattyq.org/