ЦИФРЛАНДЫРУ: QR АРҚЫЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАЖДЫ ТӨЛЕУ

ХҚО-ларда төлқұжат пен жеке куәлікті ресімдеген клиенттер мемлекеттік бажды QR кодтың көмегімен төлей алады. Азаматтарға арналған үкімет ҚР ІІМ-мен бірлесіп, көші-қон қызметі операторында отырып-ақ, төлем жасау мүмкіндігін іске асырды

Бүгінгі таңда пилоттық режимде бұл мүмкіндікті Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары пайдалана алады. Клиент төлқұжат пен жеке куәлікті ресімдеуге өтініштер қабылдайтын көші-қон қызметі операторына жүгінген сәтте, кассаға бармай-ақ бірден Homebank немесе Kaspi банк қосымшаларының QR төлем жасау жүйесі арқылы баж алымын төлей алады.

«Санаулы секунд ішінде төлеу – әрбір екінші қазақстандыққа қолжетімді цифрлық мүмкіндік. Мегаполистердегі QR төлемдер барлық сауда, мәдениет нысанды мен ойын-сауық мекемесінде қолданылып жүр. Мемлекеттік қызмет көрсету саласына да біз осындай жаңа цифрлық мүмкіндіктерді енгізуге тырысып жатырмыз. Бұдан бұрын QR кодпен жер учаскелеріне актілерді дайындау және беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, кондоминиум объектілері бойынша қызметтерді және жер қатынастары саласындағы басқа да мемлекеттік қызметтерді төлеуге болатын. Енді кассаға кезекке тұрмай-ақ құжаттандыру қызметінің алымдарын да төлеу мүмкіндігі бар», деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Жеті айдың ішінде қазақстандықтарға паспорт пен жеке куәлік беру бойынша 1 577 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жеке куәлік үшін мемлекеттік баж мөлшері – 584 тг, паспорт үшін 23 336 тг құрайды.

Азаматтарға арналған үкімет QR арқылы төлем жасау мүмкіндігін 2020 жылдың қараша айында енгізді. Бүгінде клиенттер 146 мемлекеттік қызмет түрін осы тәсіл арқылы төлей алады.

Айта кетейік, мемлекеттік тізілімдегі 690 қызметтің 662 қызмет түрі корпорация арқылы көрсетіледі.