«ЦИТАДЕЛЬДЕГІ ТҮН». ШЫМКЕНТТЕ ТАҢҒАЖАЙЫП ІС-ШАРА ӨТТІ
Халықаралық музей күніне орай, «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде «Цитадельдегі түн» немесе «Қамал: аңыздар мен құпиялар» атты іс-шара өтті.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастырумен өткен аспан астындағы көрме ерекше бағдарламасымен көптің көңілінен шықты.
Мазмұндық мәні терең, тағылымға толы кеш қамал қақпасынан тұрғындарды «Батырлардың қарсы алу» рәсімімен басталды. Іс-шара әдеттегіден өте ерекше форматта өтті. Себебі келген көрерменге құдды бір орта ғасырларға тап болғандай әсер берді. Ұлттық киім киген бұрынығының батыры да, саудасын дөңгелеткен көпесі пен жоғын түгелдеген жарлысы да – бәрі осында. Жиында жергілікті бірқатар театр мамандары ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабиді, қазақтың маңдайалды үш биінің және Қошқар атаның да кейпін керемет сомдады. Мұнымен қоса, келген көрермендер мұнда қыш құмыра жасау жолдарын үйреніп, өз бейімдерін байқап көруге мүмкіндік алды.
Сонымен бірге бағдарлама аясында «Ой-сана» интеллектуалдық клубының тұсауы кесіліп, алғашқы кейіпкері ретінде «Қылует» этнографиялық мұражайының негізін қалаушы Кендебай Қарабдалов шақырылды.
Жиын барысында «Шымқала» тарихи-мәдени кешені директорының м.а., тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Саттар Мажитов сөз алып, керемет кешке жиылған қауымға іс-шараның мән-маңызын, осынау кешеннің тарихи мазмұнымен қысқаша таныстырды. Сонымен бірге тұрғындарға қала тарихына қатысты сауалнама жүргізді, тиісінше дұрыс жауап берген азаматтарға арнайы сый-сыяпат табыстады.
– Екі мың жылдан астам тарихы бар біздің орта ъғасырлық қала Цитадель, Шахристан Және Рабат сынды бөліктерден тұрады. Өкініштісі сол, қала тұрғындарының басым көпшілігі көне шаһардың тарихынан бейхабар. Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты да осы олқылықтың орнын толтыру, яғни тұрғындарға өз қалаларының тарихымен таныстыру. Интерактивті болсын деп, жиынға келушілердің арасында арнайы сауалнама жүргізгенім де сондықтан. Тіпті, тарихи кешеннің әр қақпасынан кіріп-шығудың өзіндік мазмұны бар. Бұл аймақ көне артефактілер мен аңыз-әпсаналарға толы, — дейді Саттар Фазылұлы бізге толғанысын білдіріп.
Қас қарайған соң жергілікті Цирк қызметкерлері қойған «Фаер-шоу» от шашу бағдарламасы да талайды таң қалдырды. Ашық аспан астындағы түнгі музей сағат 00:00-ге дейін ашық болды.
Айта кетейік, іс-шараны ұйымдастыру барысында барлық санитарлық талаптар сақталды.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы