ТУҒАН ЖЕР» ПАТРИОТТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛДІ

Жуырда мәресіне жеткен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалінің жеңімпазы атанған  жас әнші Валерия Хан туралы шағын фильм түсірілді.

Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.

Патриоттық фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар бақ сынады. Талантымен жарқырап көзге түскен өнерпаздардың бірі – «Орындаушылық шығармашылық» аталымында халықтық дауыс берудің жеңімпазы атанған Валерия Хан.

Валерия – өз тыңдармандарын жинап үлгерген жас әнші.

«Анам екеуміз пойызбен жолда кетіп бара жатқанбыз. Анам телефонынан ән қосты. Мен қосылып ән сала бастадым. Ән салуды осылай бастадым» дейді Валерия Хан.

«Қызымыз республикалық «Туған жер» патриоттық фестиваліне қатысады деп шештік. Валерияның репертуарында бірде-бір патриоттық ән болмағандықтан композитор   Нартай Алтайға елорда туралы әнж аздырттық» дейді Валерияның әкесі Леонид Хан.

Валерияға арнап арнайы «Астана» дегенәнжазған композитор Нартай Алтай болса, әнге сөзді ақын Олжас Отар жазған көрінеді.

Тағдырдың сынағына ұшыраса да сағы сынбай, өмір сабақтарына қасқайып қарсы тұра білген қаршадай қыз жұбанышын ән әлемінен тапты. Шектеулі әлемдегі шексіз мүмкіндіктерді пайдалана білген өнерпазға қалай таңданбассыз!

Әуезді әнімен тыңдармандарының жүрегіне жол таба білген жас дарынның шеберлігі туралы фильмді Ұлттық Дельфий Комитетінің facebook және Youtube желілерінің әлеуметтік парақшаларынан тамашалай аласыздар.

Жобаға тоқталатын болсақ, оған қазақстандық авторлар, сондай-ақ, патриоттық тақырыпқа авторлық туындыларды орындайтын шығармашылық ұжымдар  «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, аспапта ойнау, хореография) және «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) аталымдары бойынша қатысты.

«Әлемдегі эпиджағдайға байланысты фестиваль пішіні өзгергенімен, жоба нәтижесіне көңіліміз толды. Финалистер, одан соң жеңімпаздар анықталды. Қазіргі таңда 10 жас автордың шығармашылығын насихаттау бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Жеңімпаз жас авторлар туралы шағын фильмдеріміз жақында көрермендерге жол тартады», –деп атап өтті жоба авторы, Ұлттық Дельфий Комитетінің директоры Құралай ТҮСПЕКОВА.

Бірінші айналымның жұмыстары желі қолданушылары өздеріне ұнаған қатысуға дауыс бере алатын жобаның әлеуметтік желілерінде жарияланды. Осылайша, халықтық дауыс беру нәтижесі арқылы 80 финалист айқындалды.

Байқаудың ақтық сынында қазылар алқасының мүшелері 1,2,3 орын лауреаттарын анықталды, жеңімпаздарға Қазақстанды еліміздің Ұлттық Дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның атынан қатысу құқығы беріледі.

 

Ұлттық Дельфий Комитетінің баспасөз қызметі