ТУҒАН ЖЕРДІ ТАЗА ҰСТАУ – ПАРЫЗЫМЫЗ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет», деген болатын.
Президенттің тапсырмасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынып, сәуір айынан бері тұрақты түрде өткізілуде. Ауданның таза, көрікті болуы мақсатында Төлеби ауданында аудан әкімінің тапсырмасымен жалпы аудандық сенбілік өтті. Тазалық жұмыстары 1 қала, 12 ауылдық округ аумағында ұйымдастырылып, көше бойлары, арық-атыздар күл-қоқыстан, қураған шөптерден тазаланды.
Ағаштардың қураған бұталары қырқылып, жасыл желек, өңірдің сәнін келтіріп тұрған сәндік гүлдер суғарылды.
Қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңыздылығын ескерген аудан халқы апта сайын сенбілікке қатысып, ауданның көркейіп, абаттануына өз үлестерін қосуда.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі