ТҰҒЫРЛЫ ТӘУЕЛСІЗДІК

Тұғырлы тәуелсіздік еліміздің басына бақ болып қонған сәттен бері егемен Қазақстан түрлі жетістіктерге қол жеткізіп, елеулі өзгерістерді басынан өткерді. Еліміздің басынан қара бұлт сейілген жылдар ата-бабаларымыздың сонау күнгі сағымдай ұшқан армандарының қайта қанат жайып, асқақтап, қомдануына және кемел болашаққа жаңа көшбасшымызбен қадам басуымызға арқау болды. Тәуелсіздік – халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалар теңдессіз байлық.

Қазіргі таңда, біз дамыған заманға бет бұруға тырысып жатырмыз. Соның бір дәлелі, еліміздің дамыған 50 ел қатарынан табылуы. Алайда, бұл күнге жетпес бұрын біз талай асуларды бағындырып, еліміздің озық мемлекеттер қатарынан көрінуге лайықты екенін сан рет дәлелдедік. Ата Заңымыздың қабылдануы ең алғашқы жетістіктеріміздің қатары деп есептеуге болады, себебі, Конституция — тәуелсіздіктің айғағы, теңдігіміздің бұлтартпас дәлелі. Кейін, еліміз түрлі даму сатыларынан өтіп, ресми тіліміз, валютамыз біртіндеп қабылдана бастады және бұл елімізді ерекшелеп көрсететін, тарихымызды айқындайтын ұлттық құндылықтарымыз еді. Дамыған мемлекеттермен иық тірестіру бізге оңайға соқпайды. Қазіргі күнімізге шейін мемлекет тарихында алтын таңба болып қалатын елеулі оқиғалар легі қандай, қай жерде оза шаптық, қай жерде қалыс қалдық?

Тәуелсіздіктің таңы арайлап атқаннан кейін еліміздің жеке мемлекет ретінде сын-сипатын анықтайтын белгілері қалыптасты. 1992 жылы ҚР Президенті «ҚР Мемлекеттік Туы», «ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы», «ҚР Мемлекеттік Әнұраны туралы» заңға қол қойды. Туымызда бейбітшілікті бейнелейтін ашық көк аспан, алтын күн, қайсарлығымыздың дәлелі қыран бейнеленді. Ал, 1994 жылы дербестігімізбен көрген ұлы тойымыз қазақ азаматының еліміздің атынан тылсым ғарышқа сапар шегіп, қауіпті де, қызықты ғарыш әлемін бағындыруы еді. Ол «Халық қаһарманына» айналған Талғат Мұсабаев болатын. Алып тұлғамыздан кейін де бүгінгі заманғы батырымызға айналып тағы да қазақ азаматы аты әлемге әйгілі ғарыш айлағы Байқоңырдан ғарышқа аттанды. Айдын Айымбетов ғарыш көкжиегіне сапар шеккен үшінші қазақ азаматы атанды. Соңғы бесжылдық мемлекетімізге атын көкке көтерер айтулы жетістіктерімен ерекше болды. Сол жетістіктер ағымын EXPO 2017 болашақ энергиясы толықтырады. 2012 жылы бұл жобаны елімізде өткізу мүмкіндігіне ие болып, бір марқайып қалдық. EXPO 2017 жобасын жоғары дәрежеде өткізіп, бір үлкен жүктен арылғандай болдық. Жобаның Қазақстанда өткізілуі ұлттық құндылықтарымызды шет елдерге дәріптеуге мүмкіндік туғызып, экономикалық жағдайымызды арттырды. Қазіргі кезде, мемлекетіміздің үшінші жаңғыруы қолға алынып, алға қарай дамуға бет алдық. Ұлттық кодымызды белгілеп, құндылықтарымыз бен салт-санамыздың кертартпа тұстарынан арыла отырып, жаңа бағытқа кірістік. Елбасымыз халықты бір бағыт пен бір мүддеге шоғырландырып, ортақ мақсатымызды айқындап берді. Сонымен бірге, спорттан да біраз белелстерді бағындырдық. Спортымыздың жаңа сатыға көтерілгендігін 2012 жылы өткізілген Лондон олимпиадасы мен 2016 жылғы Риода өткен олимпиадада қол жеткізген жетістіктерімізден көруге болады. Аты бүкіл әлемге әйгілі Генадий Головкин секілді еліміздің туын көкке желбіретер азаматтарымыз барда қазақтың туы сол күйінше көктен түспейді.

Қазақстан – бір шаңырақ астына көпұлтты біріктіре білген алып мемлекет. Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап еліміз еш ұлт өкілін бөтенсітпей, бауырына сыйғыза білді. Дербестікпен келген әрбір жеңісіміз біздің дамуымызға қол ұшын созды. Сонау XX ғасырда жеріміз өзгенің қолында, еліміз шырлағалаң өмір сүріп жатқанда ел тағдырын бірен-сараң қазақ жанашырлары ойлайтын, солар ел қамын ойлағаны үшін жапа шекті. Біз қазір азаптпыз! Әрбір қазақ баласы қазақ елі үшін еңсесін тік ұстап еңбек ете алатын дәрежеде. Алдымызда жетелейтін көшбасшымыз, халық қамын ойлайтын нағыз заманауи қаһармандарымыз бар. Ендеше,біз неден қымсынбақпыз, кімнен қорқуға дәтіміз барар? Біздің тарихымыз айтулы жетістіктерге толы. Бүгін бір елеулі оқиғаны басымыздан кешірсек, ол ертеңгі тарих. Ертеңіміз айқын, келешегіміз жетістіктерге толы болсын.