ТҰҒЫРЫ БИІК ТӘУЕЛСІЗДІК!

Тәуелсіздіктің қазақ тарихында алатын орны өзгеше. Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлкетке айналдық. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы деуге лайық. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартты.

Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Тарихымыз қайта жанданды. Бір кездері қазақ тарихын терең зерделеуге мүмкіндік болмай, кейбір ұлттық мүдденің фактілері бұрмаланып көрсетілді. Бұл олқылықтардың орыны шынайы тарихи мағлұматтармен толықтырылды.

Тарихымызды түлету үрдісіне дем берген Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрcұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күшке айналды. Мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ.