ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ

«Дана халқымыз жылуы жоқ жүрек құр кеуде» деп ұрпағын жастайынан қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. Жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды.

Өзім 30 жыл ұстаздық еткен Төле би жалпы орта мектебінен осы күнге дейін қаншама шәкірттердің қанатын қақтырдық. Сол күнгі қарадомалақтарымыз бүгінде егемен елдің тұтқасын ұстаған еңселі азаматтар атанды. Әр жыл сайын бітірген түлектеріміз арнайы ат басын бұрып келіп, мектебімізге мүмкіндігінше қол ұштарын созғанда көңіліміз марқаяды.  Биыл да осы игі дәстүр жалғасын тапты. 2001 жылы бітірген шәкірттеріміз ұйымшылдықтарын көрсетіп, №17 орыс тілі мен әдебиеті сыныбына жаңа жабдықтар сыйлады. Атап айтқанда тозығы жеткен бөлме шкафтарын ауыстырып, көрнекті орыс классиктерінің фотосынан жинақталған қабырға тақтасын және мұғалімге арналған бұрышты толық жаңартып берді. Мұнан бөлек іргеміздегі «Қазақстан» ауылының кіреберісіне аймақ атауы жазылған бағана, мешіт пен мектепке көмек беріп, ұлан-асыр көкпар шаптырып, той өткізді.

Менің «кабинетіміз ескірді» деген бір ауыз өтінішімді жерге тастамай, сыныптастарын жұмылдыра білген шәкірттерім Ағабаев Талғат пен Жапашов Саматқа ерекше алғысымды білдіремін.  Қол ұшын созудан аянбаған өзге 12 балама да ұстаздық ақ тілегімді арнаймын. Артынан ерген іні-қарындастарының қамсыз білім алуына атсалысқан осындай азаматтарымызбен мақтанамыз! Әрқашан жолдарың ашық, қадамдарың нық болсын! Туған жердің көркеюіне аянбай тер төге беріңдер!

Жәмила МЕНЛУБАЕВА,

Төле би жалпы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Түркістан облысы. Төле би ауданы.