ТҰҢҒЫШ БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

ҚАЗАҚ КСР президенті қызметіне кіріскеннен кейін бір жарым жылдан соң 1991 жылдың күзінде Елбасы Н.Назарбаев Жоғары Кеңеске республиканың сайлау жүйесін реформалауды үсынды. 1991 жылы 16 қазанда «Қазақ КСР президентін сайлау туралы» заң қабылданып, соған сәйкес ұлт көшбасшысы болуға кім лайықты екенін депутаттар емес, елдің барша азаматтары шешетін, яғни мемлекет басшысы жалпыхалықтық дауыс беру негізінде сайланатын болды.
Жаңа сайлау егемендік ұғымына шынайы және көңілге қонымды мазмұн беруге, Қазақстанның халықаралық беделін көтеруге және Президент лауазымына кім сайланса да оған аса күрделі жағдайда батыл әрекеттер жасау мандатын беруге тиіс еді. Ол қалайда алға басуға шешім қабылдаған елдің айналып өтуі мүмкін емес, қатаң, ауыр әрі қиын қадамдар жасауға тиіс болды.
Қазақстандағы тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы 1991 жылы 1 желтоқсанда өтті. Бұл — Кеңес Одағының ақтық демі таусылар кездің қарсаңы болатын, оныі экономикасы да біржола күйреп жатты. Елбасы қараша айында сайлаушылармен кездескенде проблемалардан қашқақтауға тырысқан жоқ, популистік уәделер де бермеді, керісінше адамдармен ашық әңгімелесті. Сайлаушыларға елді ауыр сынақтар күтіп тұрғанын, одан қалайда өту керектігін, себебі тәуелсіздік пен игілікке жетудің ептеп айналып өтетін басқа жолы жоқтығын түсіндірді.
Сайлау учаскелеріне 8 681 276 адам келді. Тұңғыш Президент 98, 8 процент дауыс алды.
10 желтоқсан күні Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің ант беру салтанаты өтті. «Біз дербес өмір сүретін жағдайдамыз». Н.Назарбаевтың ұлықтау салтанатындағы негізгі сөзі осы болды.
Арада жиырма жыл өткен соң бүкілхалықтық сайлау өткізілген мерейлі күн мемлекеттік мерекеге – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне айналды. Саяси күнтізбеде ол заңды және символдық тұрғыда Тәуелсіздік күніне ұласады. Тарихи 1991 жылғы президент сайлауы Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадамы болды.