ТҰҢҒЫШ ЕЛБАСЫМЫЗ – МАҚТАНЫШЫМЫЗ
Қазақ халқы — тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей, өзегін ғасырлар тереңнен тартып, осынау қасиетті ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық.
Оның тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды, хандықтың құрылуы бір басқа, халықтың қалыптасуы бір басқа. Кешегі тар жол, тайғақ кешу кезеңінде, егемендіктің елең-алаң шақтарында еліміздің еңсесін көтеріп, кеткен есемізді қайтарып, шекарамызды шегендеп, халқымызды төркүл дүниеге танытқан, нұрлы болашаққа жетелеген, сан ғасырлар бойғы бабалар арманын баянды еткен, айналдырған 12 жылда Астанасын салып, айдай әлемге әйгілеген, халқымызға пана, жастарға аға болған тұңғыш Елбасыма алғысым шексіз.
«Қазақстанның болашағы — жастар, сіздердің қолдарыңызда» деген сөзі бізге үлкен жауапкешілік артып отыр. Біз қазіргі таңқаларлық жетістігімізді одан әрі баянды етуге ұмтылсақ, өзіміздің және келер ұрпақтың тағдырына сенімді болғымыз келсе, Қазақстанды Орталық Азияның ғана емес, Еуразиялық ұлан-байтақ кеңістіктің қуатты да беделді мемлекеті ретінде көруді қаласақ, ішкі бейбіт өмір мен ұлттық рухани гүлденуді таңдап, жаңа өмірге қадам басуымыз керек.
Мемлекеттік тәуелсіздікті төрт аяғынан тең тұрғыза білген Елбасымыз еліміздің алда тұрған бірнеше он жылдығына жүйелеп жоспар құрып, халқына қамқорлық жасаудан тайынбайтынын өзі бірнеше рет дәлелдеді. Небәрі 29 жыл ішінде атқарылған іс аз емес. Жеткен жетістіктеріміз бен алған асуларымыздың барлығы Елбасының айқын саясатының арқасы. Біз, жастар, әрқашан да Елбасымен бірге болуымыз керек.
Тәуелсіздігіміздің, болашағымыздың негізі, рухани тірегі, кепілі — байырғы халқымыз. Сондықтан да, ақ пейіл де ақжарқын халқыма әрқашан Алла жар бола бергей!
Жарқын болашаққа жол сілтеген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бейбіт сүйгіш сарабдал саясатына, Отанымның жарқын болашағына сенемін!
Мен де егеменді елімнің атын әлемге шығару мақсатында өз білімімді жетілдіріп, жақсы тәрбие алудамын.
Жусанбай Санжар Бахтиярұлы,
Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы.
Жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Карабекова Гульжан Абилдаевна
Түркістан облысы, Ордабасы ауданы