«ТҰРАН» АЛҒАШҚЫ ҰПАЙЫН ЕНШІЛЕДІ
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының бірінші тур ойындары өтті. Түркістанның «Тұран» командасы өз алаңында «Тараз» футболшыларын қабылдады. «Түркістан Арена» стадионындағы матчқа арнайы келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аяқдоп шеберлеріне қолдау көрсетті.
Бұл кездесуде «Тұран» сапында бірінші минуттан алаңға Әбілғазы, Керімжанов, Клещенко, Залеский, Диакате, Осучукву, Мұсабеков, Федин, Нұрғалиев және Нөсербаев шықты. Қақпаны Тоқотаев қорғады. Ойынның алғашқы минутынан-ақ қос команда негізінен қорғанысқа көңіл бөлді. Дегенмен Владимир Газзаев шәкірттері сәл басымдық танытып, жиірек шабуылдады.
Екінші таймда да командалар негізінен барлаумен айналысты. Алаң иелері сәл қысымды күшейткенімен дегендеріне жете алмады. Осылайша қос команданың кездесуі 0:0 есебімен тең аяқталды. Алаң иелері екінші таймның ортасынан бастап бір ойыншысы қызыл қағаз алғанына байланысты 10 адаммен қалғанын да айта кеткен жөн. Тең дәрежелі ойында алғашқы ұпайын еншілеген «Тұран» футболшылары матч соңында түркістандық жанкүйерлерге алғыстарын білдірді.
Түркістан облысының тағы бір командасы «Мақтаарал» премьер-лигадағы алғашқы кездесуін сәтті өткізді. Мақтааралдықтар Шымкентте «Ордабасымен» 1:1 есебімен тең түсті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі