ТҰРҒЫНДАР ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ НӘТИЖЕСІНЕ ДӘН РИЗА

Цифрлы Қазақстан жүйесі қарқынды дамығалы Шымкент қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы едәуір жылдамдатылды. Қазіргі таңда мегаполистегі ХҚКО карантиндік шектеу шараларына байланысты клиенттерді алдын ала брондау бойынша қабылдап жатыр. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты әр аймақтағы кесте әр түрлі. ХҚКО-ға  кезекті eGov  порталы, 1414 Бірыңғай байланыс орталығы және @kenes1414bot телеграм-бот арқылы алдын ала брондауға болады. Орталықтың электронды қызметін тиімді пайдаланған  тұрғынның бірі Мөлдір Кенжебай. «Баламды мектептен лагерьге жіберетін болды. Ол үшін өтініш жазып, құжаттарды ХҚКО апару керек екен. Тұрғылықты мекен жайымызға байланысты алдын ала жазылу арқылы, Қаратау аудандық ХҚКО-ға бардық.Ғимаратқа кіргеннен «Ashyq» қосымшасы арқылы кірдік. Айналама бажайлап қарасам, барлық санитарлық-профилактикалық нормалар сақталған. Барынша әлеуметтік ара қашықтық сақтауға тырысып бақтық. Адам көп шоғырланбасын деді ме, операторлар біздің жұмысымызды лезде бітіріп берді. Бұрын ХҚКО-ға бір тірлікпен барсақ, бір күніміз, кейде бір аптамыз кететін еді. Бүгін нәбәрі 15  минутта тынды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы оң нәтиже беріп жатыр» дейді жас ана.