ТУРИЗМ — ЕҢ ТАБЫСТЫ КӘСІП ТҮРІ

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында туризм саласын дамытудың нақты тетіктерін белгілеп берді. «Туризм барлық дүниежүзілік экономиканың 10%-ын құрайды. Бұл – өте үлкен көлем. Бізде өте аз әлі. Біз енді 2025 жылға дейін экономикамыздың 8%-ын туризмнен аламыз деп отырмыз. Ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. Жаңағы Рухани жаңғыру мәслесі, «Нұрлы жол», инфрақұрылым, барлығы осыған байланысты. Қазақстанда да көретін, баратын жерлер өте көп. Даланың, таудың өзі басқа елдер үшін өте қызықты. Көрсете білуіміз керек» деді Елбасы бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Туризм әлем шаруашылығының аса ірі саласы болып қана қоймай, ең жылдам дамып келе жатқан саласы да болып табылады, оның өсу қарқындары экономиканың басқа салаларының өсу қарқындарынан 2 есе дерлік алда. Түйінді көрсеткіштер жағынан, оның ішінде инвестициялық салымдардың тиімділігі жағынан, туризмді мұнай өндіру өнеркәсібімен салыстыруға болады.
Әлемдік жиынтық өнімнің шамамен 10 %-ы, әлемдік көрсетілетін қызметтер экспортының 30 %-ы, әлемдік инвестициялардың 7 %-ы, жұмыс орындарының 10 %-ы және барлық салық түсімдерінің 5 %-ы туризм саласына тиесілі.
Бір шетел турисінен түсетін табысқа баламалы кіріс үшін әлемдік нарыққа шамамен 9 тонна тас көмір, немесе 15 тонна мұнай, немесе 2 тонна жоғары сұрыпты бидай шығару керек. Бұл ретте шикізат сату елдің энергия жеткізгіштерін сарқиды, ал туризм ресурстарды жаңғыртады. Елге келетін әрбір турист әрбір сағат сайын шамамен 20 доллар жұмсайды, 30 турист 1 жұмыс орнын береді.
Көрсетілетін қызметтермен экспорттық-импорттық операцияларды орындайтын сыртқы сауданың маңызды сегменті бола отырып, туризм «көрінбейтін» экспорт қасиетіне ие. Өнімі тұтынушыға тасымалданатын экономиканың басқа салаларынан ерекшелігі туризм адамдардың рекреациялық ресурстар шоғырланған орындарға көші-қонын тудырады, ал бұл ресурстар белгілі бір жерде тұтынылады.
Қазіргі уақытта туризм бизнестің әлемдегі ең табысты түрлерінің бірі болып табылады. Әлемдік капиталдың шамамен 7 %-ын пайдалана отырып, туризм мұнай және мұнай өнімдерін, автокөліктерді экспорттаудан кейін үшінші орынды иеленді.