«ТУРИЗМ МЕЗГІЛ ТАҢДАМАЙДЫ»
Ахат ТАСТАНБЕКОВ,
Сайрам-Өгем Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
туризм бөлімінің экскурсовады.
Түркістан облысы.
—Көл демекші, соңғы жылдары Сайрамсу көліне келушілердің көптігі қуантады. Бұл көлдің басқалардан айырмашылығы қандай?
-Сайрамсу көлі қазаншұңқырда, өзен көздерінде теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. Өзен аумағындағы Сайрамсу көлінің әсемдігін алыстан ақ көруге болады. Көлдің түсі ашық көкшіл және ашық жасыл болып келеді. Кез келген ауа райында оның түсі өзгермейді. Су өте салқын және пішіні гитара тәріздес. Оңтүстік бөлігінде көлді толықтырып тұратын су көздерінің ағыны бар. Батыс бөлігі қалың ашық жасыл түсті өсімдікпен жабылған.
Сонымен қатар Сайрамсу көлінен жоғары тағы бір көл бар. Ол «жоғары Сайрамсу» көлі деп аталады. Көлді тамашалауға жан жақтан туристер көптеп келеді. Сайрамсу көліне саяхатшыларды аптасына 3 топтан (әр топта 10-15 адамнан) жіберуге рұқсат етілген. Ал сәуір айында аптасына тек бір туристік топқа ғана рұқсат. Себебі бұл айда құстар мен жануарлар балалайтын уақыт және де саяхатшыларға қауіпсіздік шаралары қатаң ескертіледі. Әсіресе от жағу кезінде аса сақтықпен қарау қажет. Себебі орманның өртену қауіптілігі өте жоғары.
Қала өмірінен шаршаған адамдар таза ауамен демалып, тау қымызын ішіп, Сайрам Өгем тауларына көтеріліп, Сайрам су өзені мен көлін тамашалауға арнайы ат басын бұратыны рас.
— «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» тапсырмасы берілген болатын. Аталған бағыт бойынша іс-шаралар қолға алынды ма?
— Қасқасу, Майбұлақ, Көксәйек ауыл округтеріндегі мектеп оқушыларын туған жер табиғатына қызығушылығын арттыру үшін тиімді жобалар жасалуда. Мектеп оқушылары бұл аймаққа жиі серуендеп келеді. Оларға жергілікті өсімдіктер мен жануарлар, құстар жақынырақ таныстырылып, табиғат аясындағы қауіпсіздік шараларын сақтау сауаты жетілдіріледі. Карантиндік шектеулері аяқталса, бұл жобалар бойынша қарқынды жұмыстар жалғасын табады деп күтілуде.
—Жаздық туристік бағыттарды атап өттіңіз, дәл қазіргі қыс мезгілінде келушілерге қандай демалыс түрлерін ұсынасыздар?
-Сайрамсу шатқалында қай мезгілде болмасын саяхатшыларға арнайы жағдай жасалған. Киіз үй, монша, қонақ үй және тапшандар қызмет етеді. Тау қымызы мен түрлі дәруменге бай өсімдіктен жиналған балдан дәм татуға болады. Ал қыс ауасында ыстық булы моншада ем қабылдап, тау шөптерінен даярланған табиғи шайлармен денсаулығыңыз нығая түседі. Ауа райы жайлы күндері демалушыларды тауға алып шығып, атпен қыдыруына, жиі кездесетін тау аңдарын дүрбімен бақылауына мүмкіндік бар. Қазіргі таңда бізде шаңғы тебетін орын жоқ. Дегенмен іргелес жатқан Қасқасу шатқалында шаңғы тебетін орындар дайындалуда. Әркім өзіне қолайлы, қауіпсіз жерде шана, шаңғымен сырғанауына рұқсат етілген.
— Бағалары келушілердің қалтасына қонымды ма? Әдетте көпшілігіміз ішкі туризмнің қымбатшылығына бой үйреткенбіз…
— Бағалар салыстырмалы түрде қалтаға қонымды дей аламын.Қонақ үйлер бағасы күніне 15-20 мың тг аралығында болса, монша 5-10 мың тг. Арнайы қызметкерлер көмегі қарастырылған. Демалушылар азық-түлікті өздерімен бірге алып келуі шарт.
Жылдың қай мезгілінде келсе де біз демалушылар мен туристерге шектеу қоя алмаймыз. Туризм мезгіл таңдамайды. Қыста қар көшкінінен басқа жабайы жыртқыш аңдардан сақ болуын ескертеміз. Келушілерге ең алдымен техникалық қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі ережелерін таныстырамыз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Аяулым МӘЛІК.