ТҮРКІСТАН 100 ПАЙЫЗ ГАЗДАНДЫРЫЛДЫ

2019-2020 жылдар аралығында газбен қамтамасыз ету жұмыстарының қарқынды жүргізілуінен, Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары 100%-ға аяқталды. Осылайша қала тұрғындары толығымен газға қосылуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ жылыту маусымынан бастап, Түркістан қаласындағы орталық қазандық табиғи газбен жылытыла бастады. Ауқымды жұмыс нәтижесінде қаланың экологиялық жағдайы жақсарып, ауаның ластауы 65 % -ға төмендеген. Шаһардың газдандырылуына қатысты өткен шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
«Бүгін біз Сіздермен осы қуанышты жағдайлардың куәгері болып отырмыз. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы Жарлығымен Түркістан облысының құрылғанына екі жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Түркістан қаласы қарқынды дамып, қазаны қайнаған құрылыс алаңына айналды. Шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту мәселесі де қалыс қалған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экологиялық мәселелерге тоқталып, түйткілдерді шешуді тапсырды. Бұл тұста облысымызда, әсіресе Түркістан қаласында ауқымды шаралар атқарылуда. Айналаны жасыл желекке бөлеумен қатар, түркістандықтарды толықтай табиғи газбен қамтамасыз ету де басты міндет болды», – деді Өмірзақ Естайұлы өз сөзінде.
Түркістандықтармен кездескен облыс әкімі қолда бар мүмкіншілікті пайдаланып, тұрмысқа қолайлы жағдай жасау үшін табиғи газды пайдалануға шақырды. Сондай-ақ табиғи газ тартылған тұрғын үйлерді аралап көрді.
Түркістан қаласын газдандыру 11 кезеңге бөлініп, құны 20,2 млрд болатын құрылыстың жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 52 037 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Олардың 62 %, не 26 200 отбасы өз үйлерінде табиғи газды пайдалануда. Қала үлкейіп, халық саны өскен сайын коммуналдық қажеттіліктің де артатыны белгілі. Бұл мақсатта халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады. Кейбір жер телімдері уақтылы тіркелмегендіктен 380 абонент алдынғы жобаларда есепке алынбағаны анықталды. Қазіргі уақытта осы абоненттерді қосу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Түркістанға газ тарту үшін халықаралық маңызы бар Бейнеу-Бозой магистарльды газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату станциялары іске қосылған еді. Нәтижесінде 1180 км газ құбыры тартылды. 4 800 адам жұмыспен қамтылды. Түркістан қаласында газ тарату жүйелері жүргізіліп, жеке тұрғын үйлерге газ кіргізу жұмыстары жалғасуда.
Газға қосылуды жеделдету үшін «ҚазТрансГаз» АҚ Түркістан облыстық филиалымен бірлесе жұмыс жасау нәтижесінде абоненттердің газға қосылу туралы өтініштері қарау осыған дейін 1 айға жуық мерзімді құраса, бүгінде 2 жұмыс күнінде шешімін табады. Сондай-ақ әрбір тұрғын үйге табиғи газ қосудың жұмыс ақысы 85 000 теңгеге дейін төмендетілді (осыған дейін 250-350 мың арасында болған).
Жалпы, Түркістанда демалыс орындары көбейіп, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында ең озық технологиялар қолданылуда. Қаланың толық табиғи газға қосылуы – қоршаған ортаны қорғаудың ең тиімді жолы еді. Осы тұста Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, қала айналасынан 7700 га аумаққа жасыл белдеу құру және толықтай газдандыру жоспарланды. Қазіргі таңда 4700 га жерге әртүрлі ағаш көшеттері егілді. Қалған 3000 га жерді игеруді осы жылдың соңына дейін аяқтау күтілуде.
Облыстық экология департаментінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласы бойынша 2018 жылға атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың нақты лимиті 4,5 мың тоннаны құраған. Ал, 2020 жылы Түркістан қаласын газдандыру арқылы 1,6 мың тоннаны құрады, оның ішінде барлық нысандарда отын түрін қатты отыннан (көмірден) газға ауыстыру есебінен 2018 жылмен салыстырғанда нақты лимит мөлшері 65 % немесе 2,6 мың тоннаға төмендеген. Сондай-ақ, «Жылу» қазандықтарда көмірден газға ауысуы салдарынан ластаушы заттар мөлшері 2 есе, атап айтқанда 381 тоннадан 150 тоннаға төмендеген.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі