ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 5 АЙДА ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ЗИЯН КЕЛТІРГЕН 6 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТҚА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Еліміз бойынша 6 сәуірде басталған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстары Түркістан облысында бүгінгі таңға дейін қарқынды жалғасып келеді.
Бұдан бөлек, Түркістан облысы полицейлері тарапынан қоршаған ортаның абаттандыру қағидаларын бұзу, қоғамдық орындарды ластау, жасыл екпелерді жою және мемлекеттік мүліктерді бүлдіру заң бұзушылықтарының алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Түркістан қаласында бір апта (15-21 күндері аралығында) көлеміндегі тексеру жұмыстарының нәтижесінде ортақ пайдалану орындарын ластау бойынша 155 дерек анықталды. Құқық бұзушыларға 1,7 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Қазіргі таңда оның 46,7 пайызы өндірілді. Абаттандыру қағидатын бұзу бойынша 68 азамат анықталып, 110 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Заң бұзушылар айыппұлдарды толық өтеген. Сонымен қатар жол жабындысын бүлдірген 2 жүк көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жыл басынан бері Түркістанда ортақ пайдалану орындарында ластау бойынша Әкімшілік кодекстің 434-2 бабымен 4530 азамат анықталған. Оларға 55 млн 357 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Қазіргі уақытта салынған айппұлдардың 86 пайызы өндірілді. Сонымен қатар абаттандыру қағидатын бұзу бойынша (ӘҚБтК 505-бабы) 1059 тұрғынға 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Өндіру пайызы – 54 пайыз. Ал жол жабындысын бүлдіру бойынша (ӘҚБтК 630-бабы) 505 жүргізуші анықталып, оларға 3,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 52 пайызы өндірілді.
Тәртіп сақшылары тарапынан Түркістан қаласы төңірегіндегі төбелерді қоқыс алаңына айналдырудың алдын алу бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, полиция қызметкерлері 6 жәйтті анықтап, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі