ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҰРҒЫНДАРҒА АЛҒЫС БІЛДІРДІ

Түркістан қаласының әкімдігі Заң аясында белгіленген талаптарды бұзбай, жақындарына жанашыр болып, жасаған қызметіне аса ұқыптылықпен қарап жүрген тұрғындарына алғыс білдірді!

Жергілікті атқарушы органдар Түркістан облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешіміне байланысты, карантиннің қатаң сақталуы үшін тұрғылықты тұрғындарына үнемі бетперде тағып, антисептик қолданып, арақашықтықты сақтауды өтініп келеді. Осы орайда, жергілікті әкімдік әр талап пен ережеге түсіністік танытып, қолдау көрсетіп жүрген жерлестеріне өз алғысын білдірді.

Түркістан тұрғындарының қатысуымен жол ережесін бұзбай жүрген жүргізушілерге, мерзімінде салық төлейтін кәсіпкерлерге, бетперде тағып, жақынына қалқан болған азаматтарға, қаланы таза ұстауға үлес қосқан тұрғындарға, жемқорлыққа жол бермейтін қызметкерлерге, уақытылы алимент төлейтін әкелерге, кеш батқанда тыныштықты бұзбайтын көршілерге суреттер арқылы алғыс айтылған. Жазылған сөздер талап етпей-ақ өз әрекетін жақсы түсінетін жандарды қолдау және өзгелерді ұйымшылдыққа шақыру болып табылады.