ТҮРКІСТАН: КЕНТАУҒА ГАЗ БЕРІЛІП, ТЕМІРБЕТОН ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы, Кентау қаласына газ берілді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
— Мінеки, бүгін кентаулықтар үшін көптен күткен мәселе шешіліп, қалаға газ беріліп отыр. Кентаудың жылу мәселесі мені үнемі толғандыратын. Жаным ашитын. Басшы ретінде осы бастаманы қысқа мерзімде орындауға күш салып, қаржы мәселесін шешіп, компаниялармен келіссөз жүргізіп, сол межеге жетіп отырмыз. Жобаны жүзеге асыруда өте күрделі әрі ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл — Кентау қаласы тұрғындарының өмір сапасын арттырады. Қалаларыңызға газ еніп тұр. Енді тұрғындар бірлесіп әрекет етсе, әр үйге кезең-кезеңімен газ кіргізілетін болады, — деген Өмірзақ Шөкеев Ыбырай Алтынсарин көшесіндегі жеке тұрғын үйге газ кіргізу сәтіне қатысты.
Осы күні Кентаудағы арнайы экономикалық аймақтан «Түркістан темірбетон» зауыты өз жұмысын бастады. Жобаның мақсаты — тұрғын үйге арналған 10-ға жуық темірбетон өнімдерін өндіру. Инвестицияның жалпы көлемі — 1,2 млрд. теңге. Нәтижесінде 30-дан 60-қа дейін жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Өндірісті дамыту бағытында жұмыс күшейетінін айтқан облыс әкімі зауыт жұмысшыларымен, одан кейін шаһар ардагерлерімен және жастарымен кездесіп, пікір алмасты. Ұсыныстарын тыңдады.
Кентау Түркістанмен қатар дамып, әлеуеті көтеріледі. Моноқаланың бәсекеге қабілеттілігі жоғарылайды. Оған толық мүмкіндік бар. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентаудағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында тұрғындармен кездесті. Өңірдегі жұмыстарды баяндап, тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдады. Кентауды дамыту бағытында да жұмыс күшейетінін жеткізді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Жаңа Қазақстанды» құру бағытындағы негізгі міндеттерді айқындап берді. Есеп беру форматы өзгеріп, басшылар тұрғындармен еркін пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылап жатыр. Баяндама — аз, тұрғындардан сұрақ көп болса, деген ұстанымдамын. Облысымызда көптеген сала бойынша өсу, өрлеу бар екенін айта кеткен жөн, – деген өңір басшысы көрсеткіштерге тоқталды. – Өткен жылы экономиканың даму қарқыны +4%-ды құрады, өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6%-ға артып, 707,8 млрд. теңгені құрады. 186,6 млрд. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске қосылды. Жалпы облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы Кентаудың дамуына үлкен серпін берді. Бұл шаһар мен үшін өте ыстық. Мәселелерін де жақсы білемін. Сондықтан оны дамыту — азаматтық парызым. 2021 жылы Кентау қаласын дамытуға 1,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Көпқабатты үйлер модернизациялаудан өтті. «Қызыләскер» автоматтандырылған газ стациясын іске қосу жұмыстары аяқталып, қала тұрғындарын табиғи газға қосу мүмкіндігі пайда болды. Шахтаның суын төмендету жұмыстары жүргізілуде. Биыл қаланы дамытуға 1,6 млрд. теңге бағытталып отыр. Кентау қаласы аумағындағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде кезеңімен шешетін боламыз. – деді Өмірзақ Шөкеев.
Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, қаланы газбен қамту, ономастика, жұмыс орындарын көбейту, жол, баспанамен қамту, балалар ойын алаңшаларын салу, Кентау қаласының жастарын «Серпін» бағдарламасына енгізуге ықпал ету және өзге де мәселелерді көтерді. Өткір сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу соңында Өмірзақ Шөкеев бір топ тұрғынды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Олардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдап, заң аясында кеңес берді. Бірқатар түйткілдерді шешу бойынша жауапты басқарма басшылары мен Кентау қаласының әкімі Рашид Аюповқа міндеттер жүктеді. Әрбір ұсыныс пен өтініш бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі.