ТҮРКІСТАН: «ҚЫЗЫЛӘСКЕР» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫНАН ШЫҒАТЫН 2 ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІН САЛУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Түркістан облысында «Қызыләскер» 220/110/10 кВ қосалқы станциясынан қуаты 110 кВ болатын екі электр желісін салу» нысанының құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарын электрмен жабдықтау үшін Келес ауданындағы 220/110/10 кВ «Қызыләскер» қосалқы станциясынан шығатын екі 110 киловольттық әуе электр желілері жүргізілуде. Бұл нысан шаруашылық жүргізуші субъектілері мен тұрғындардың электр энергиясына қажеттілігін қамтамасыз етпек.
Жобаға сәйкес, ұзындығы 71,4 шақырымды құрайтын бір тізбекті әуе электр желісін және 20,3 шақырымды құрайтын екі тізбекті әуе электр желілерін салу көзделген.
Стратегиялық маңызы бар нысанның құрылысы республикалық және облыстық бюджеттерден қаржыландырылды.
Аталған нысанда ауқымды жұмыстар атқарылған. Нақтырақ айтқанда, «Л-6-А» 110 киловольттық электр желісіне дейінгі екі тізбекті 110 кВ электр желісінің 20,3 шақырымы, 110 кВ екі тізбекті электр желісі 220 кВ «Қызыләскер» қосалқы станциядағы порталға ілу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 110 киловольттық «Мақталы» қосалқы станциясына дейінгі бір тізбекті электр желісінің 62,4 шақырымы тартылды. Одан бөлек, «Мақталы» қосалқы станциясына кеңейту жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта 220 киловольттық «Қызыләскер» қосалқы станциясынан 110 кВ «Мақталы» қосалқы станциясына дейінгі 110 кВ бір тізбекті электр желілерінің қалған 9 шақырымына сым ілу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жақын арада аяқтау жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі