ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ҚАЗАНДЫҚТАРДЫҢ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысы бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары кестеге сәйкес атқарылуда. Бұл жұмыстар өңірлік штабтың тұрақты бақылауында.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Түркістан қаласы, «Жаңа қала» аумағында орналасқан жылыту қазандықтарын аралап, жылыту маусымына дайындығын пысықтады. Жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма беріп, олқылықтарға жол бермеуді ескертті. Қазандықтарға талдау жасап, тиімсіз жобалар бойынша ұсыныс жасауды жүктеді.
Облыс орталығындағы жылу қазандықтары 20 қазаннан бастап қосыла бастайды. Алдымен жылу мемлекеттік мекемелерге, әлеуметтік нысандарға берілмек. Қала аумағындағы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған нысандарға жылу кезең-кезеңімен берілетін болады.
«Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан 75 қазан пен 55,03 шақырымды құрайтын жылу жүйесіндегі магистралды және ішкіорамдық жүйелеріндегі құбырларды қысымдау мен шаю жұмыстары толық жүргізілді. Қажеттілігіне қарай қазандықтар мен жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылған.
Қысқы жылу беру маусымында кәсіпорын, жалпы 219 көпқабатты тұрғын үйді жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда 63 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында 12 қазандық бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Әр қазандық бойынша бекітілген температуралық кестемен үздіксіз жылу беріледі. Жылу беру маусымында кәсіпорын толығымен табиғи газды пайдаланады.
Айта кетейік, қысқы жылу беру маусымында кәсіпорында 172 штат бірлігі қызмет көрсетпек. Сонымен қатар 1 орталық қазандық және 17 қазандық бөлімшелері бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі