ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ МЕРЕКЕЛІК ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті түркістандықтар! Ардақты ағайын!
Сіздерді татулық пен келісімнің нұрына малынған 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ия, көктемнің бұл күні шаңырағында тек қана шаттық шалқыған қазақстандықтардың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді еселеп құятыны сөзсіз. Бұл күн – азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің керемет үйлесім тапқан шуақты сәті.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын толайым табыстармен атап өткелі отырған еліміз үшін бірлік пен ынтымақ ең қастерлі ұғым болып қала береді. Біздің алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізде елімізде өмір сүруші барша ұлт өкілдерінің өз үлестері мен қолтаңбасы бар.
Осы орайда Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі», – деп басталатын керемет ой-пікірлері ойымызға оралады. Ал, Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев мырзаның «Қазақстан – достық пен келісім аумағы болды және болып та қала береді. Біздің ұранымыз: сан алуандықтағы бірлік. Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелді бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзден астасып жатыр», деп өз ойын нақты білдірген еді.
Расында да, біздің туған еліміз – айнымас достықтың айнасы іспеттес! Достық пен ынтымақ бүр жарған жерде береке мен ырыстың да айналшықтап кетпей қоятыны ақиқат. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған біздің облысымызда да нәтижелі істер молынан саналады. Күннен-күнге жасара түскен көне шаһар – Түркістанымыз осының айғағы болса керек.
Ең бастысы, ұлтаралық татулықтың арқасында бүгінде еліміз тыныш, жұртымыз аман. Осы берекеміз баянды болып, ынтымақ пен ымыра баршамызды тек биіктерге бастай берсін!
Бір шаңырақ астындағы халқымыздың өзара ауызбірлігі нығая түсіп, республикамыздағы ұлтаралық татулық әрдайым тұрақты болып, тамырын тереңнен тартқан достық пен бірлік мәңгі жасай берсін!
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысы мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев