ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1,5 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Көкарал және Еңбекші ауылдарының тұрғындары табиғи газға қосылды. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды тұрғындардың қуанышын бөлісуге Төрткүл ауыл округіне қарасты Көкарал ауылына арнайы барып, табиғи газ беру рәсіміне қатысты. Тұрғындарды айтулы сәтпен құттықтап, ауылды көркейтуге үлес қосуға шақырды. Ауылдарды жандандырып, жергілікті халықтың жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы істер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті. Ауыл ақсақалдары инфрақұрылымды жақсартып, тұрғындарға «көгілдір отын» игілігін тарту еткен мемлекетке, өңір басшысына алғысын жеткізді.
Енді Көкарал және Еңбекші ауылдарындағы 200-ден аса абонент орталықтандырылған табиғи газға қосылып, 1,5 мыңға жуық тұрғын «көгілдір отынның» рахатын көреді. Газдандыру жұмысы кезең-кезеңімен жалғаспақ.
Ордабасы аудандық «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ тапсырысымен жүзеге асырылған жобаның құны – 140,3 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын «Моналит Дизайн-2030» ЖШС 2021 жылы бастап, биыл пайдалануға тапсырып отыр. Жалпы құбыр ұзындығы – 8,1 шақырым.
Айта кетейік, Түркістан облысында былтыр 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Яғни газбен қамтылған әрбір 3-ші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Табиғи газбен 510 елді мекен қамтылып, жалпы қамту деңгейі 63% құрайды (1,7 млн. адам немесе 81,6%). Екі жылда 91 елді мекен (2023 жылы – 44, 2024 жылы – 47) табиғи газға қосылды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, жыл қорытындысымен газбен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 557-ге артып, қамту деңгейі 69%-ға жететін болады (1,8 млн. адам немесе 84,9%).
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі