ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 210 ҮМІТКЕР АУЫЛ ӘКІМІ САЙЛАУЫНА ҚАТЫСАДЫ

Түркістан облысында ауыл әкімдерінің сайлауына қатысатын үміткерлерді тіркеу 26 маусымда басталып, 14 шілде күні сағат 18.00-де аяқталды. Нәтижесінде 210 үміткер тіркеліп отыр. Оның ішінде 83 үміткер – саяси партиялар, 127 үміткер – өзін-өзі ұсынғандар. Тіркеу жұмыстары аяқтала сала үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. 23 шілде күні насихат жұмыстары аяқталып, 25 шілде ауыл әкімдерін сайлаудың алғашқы кезеңі басталады. Бұл туралы Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлау кезінде 60 ауыл округте 241 учаскеде дауыс берілетін болады.
«Барлық тіркелген 210 үміткердің ішінде 10-ы (4,7%) әйел адам. Орташа жас – 45 жас, ең жас үміткер – 27 жаста. Ұсынылғандардың 31-і — қызметтегі әкім, 74-і — мемлекеттік қызметте, 19-ы — коммерциялық саладағы өкілдер, 70-і — бюджеттік саладағы қызметкерлер, 1 адам — жұмыссыз. Ең көп сайлаушылар саны Келес ауданы, Абай ауыл округінде – 12 655 адам. Ең аз сайлаушылар Сарыағаш ауданы, Әлімтау ауылдық округінде – 805 адам. Үміткерлердің ең көп тіркелген сайлау округі – Сарыағаш ауданындағы Құркелес ауылдық округінде», — деді Әлібек Кәденұлы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі