ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 56 СПОРТ ТҮРІ ДАМЫТЫЛУДА
Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуда басымдық танытылуда. Қазіргі таңда аймақта дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 640 мыңға жуық азаматты құрап, жалпы халықтың спортпен қамтылуы 31,4 пайызды құрап отыр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткен баспасөз-мәслихаты барысында мәлім етті.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2020 жылдың 10 айында облыс аумағында 1085 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 140 мыңға жуық азамат қатысқан. Халықты дене шынықтырумен шұғылдануға тарту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту, бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыста мемлекеттік — жекешілік әріптестік тетігі арқылы жалпы сомасы 9 млрд. 600,0 млн. теңге құрайтын барлығы 26 жоба іске асырылуда.
Облыс аумағындағы аудан, қалаларда 68 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері жұмыс істеуде. Оңтүстік өңірінің спорт майталмандары биыл спорттың 56 түрі бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 66 алтын, 59 күміс және 67 қола медальдарын жеңіп алды. 2020 жылдың 10 айында 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 28 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 116 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Түркістан облысынан 2021 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға 21 үміткер спортшылар анықталып, олармен тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, облыс аумағында 7 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді қосымша спорттық үйірмелерге тарту бағытында 17 спорт ұйымдары мемлекеттік жекешілік-әріптестік тетігі арқылы ашылып, 400-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Нәтижесінде 21 спорт түрі бойынша 370 спорт секцияларында 4442 жасөспірімге оқу-жаттығу сабақтары жүргізілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі