ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 7 ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР
COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай өзгерістер алып келді. Бұл туралы бүгін Түркістан қаласында өткен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз-мәслихатында өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
Өңірде 78,5 млрд теңгеге денсаулық сақтау саласының 7 нысаны салынуда. Сондай-ақ 8 нысанның күрделі жөндеуіне 1 млрд 235 млн теңге бөлінді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгендей медициналық инфрақұрылымды дамыту басым бағыттардың бірі. Бұл тұрғыда ел көлемінде салынып жатқан 13 жаңа модульді жұқпалы аурулар ауруханасының біреуі Түркістан қаласында бой көтеруде.
200 төсек орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасы таяуда пайдалануға беріледі. Қысқа мерзім ішінде барлық талапқа сай салынып жатқан модульді инфекциялық аурухана қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және штатпен қамтылады. Жалпы, пандемиямен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, 5 мыңға жуық медицина қызметкеріне 7,2 млрд теңге көлемінде үстемеақы төленді, тағы 483 медицина қызметкеріне жергілікті бюджеттен 181,9 млн теңге сомасында үстемеақы берілді.
Сондай-ақ, Түркістан облысында кадр тапшылығы бар. Бүгінгі таңда, облыстың медицина ұйымдарына 174 маман, оның ішінде: кардиолог, невропатолог, оторинларинголог, анестезиолог-реаниматолог, жалпы тәжірибелі дәрігер, педиатр, окулист, онколог дәрігер мамандары қажет. Маман тапшылығын шешу мақсатында биыл жоғары оқу орындарынан 131 бітіруші түлек медициналық ұйымдарға жұмысқа жолданды. Шалғай ауылдарда еңбектенуге ниет білдірген 45 жас маманға 1 500 000 теңге әлеуметтік қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 1746 медицина қызметкерлері білім жетілдіріп, оның ішінде 44 дәрігер Ресейде біліктілік арттырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз-қызметі