ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА НАШАҚОРЛЫҚҚА ЖӘНЕ ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙТІЛДІ
Түркістанда Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб мәжілісі өтті. Штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қоғамның дертіне айналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресті жандандыру қажет екенін айтып, жауапты мекеме басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.
– Әр аудан мен қалаға жүйелі түрде сараптама жасап, нашақорлық пен есіртік саудасы жиі тіркелген аймақтардың мәселесін талқылау керек. Жас ұрпақты жарқын болашағыныан айырып жатқан бұл жаман әдеттің алдын алуда жаңа тәсілдерді енгізген жөн. Тиісті ұсыныстар беріңіздер. Профилактикалық, алдын алу жұмыстарын сапалы жүргізу, күшейту аса маңызды. Құқық қорғау органдары, білім, денсаулық сақтау саласына жауапты басқармалар, Жастар ресурстық орталықтары бірлесе жұмыс атқарса ғана іс нәтижелі болады, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Мәжілісте Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байудуәлиевтің, Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Б.Жанәбілдің, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Қасымбекованың баяндамалары тыңдалды.
Өңірде есірткілік заттарға тәуелді 292 науқас бақылауда тұр. 2024 жылдың 3 айында наркологиялық стационарлық бөлімшеде өз еркімен нашақорлықтан 6 науқас емделіп шыққан. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресіне бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың жұмыс жоспарына сай облыстың мектептерінде, жоғарғы оқу орындарындарында, нашақорлықтың алдын алу мен салауатты өмір салтын насихаттау бойынша, халық, оның ішінде жастар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, нашақорлықтың, маскүнемдіктің және темекі шегудің, насыбайды қолданудың алдын алу мақсатында дәрігерлік семинар, кездесулер өткізілуде.
2024 жылы I тоқсан қорытындысы бойынша облыс жастары арасында нашақорлық пен синтетикалық есірткінің таралуының алдын алу мақсатында «Есірткісіз қоғам», «Денім сау болсын десең», «Нашақорлыққа жол жоқ», «Тәуелділік – ол ессіздік», «Нашақорлық қоғам дерті» тақырыптарында 64 психо-профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, оған 4000-нан астам жас қамтылған. Рейдтер, мониторинг жұмыстары қолға алынған.
«Дәріханалық нашақорлықпен» күрес жұмыстары, оның ішінде «Трамадол» және адам ағзасына күшті әсер беретін дәрілік-препараттарды рецептісіз сату деректерін анықтау және оның алдын алу бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы Облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бастығы Д.Тагибаев, Облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Бұрхановтың баяндамалары тыңдалды.
2024 жылдың 3 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 212 дерек анықталған. Оның ішінде есірткі сату бойынша 12 дерек, есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдау арнасының 64 дерегі тіркелген. Заңсыз айналымнан 116,6 келі есірткі заттары тәркіленді. Биылғы 3 айда синтетикалық есірткіні жарнамалаған 60 ақпараттық сайт бұғатталды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және барлық аудандық полиция бөліністеріндегі ювеналдық полиция тобының инспекторларымен бірге күнделікті облыс жастары, мектеп оқушылары және студенттер арасында есірткі қылмыстарының алдын алу мен нашақорлықты болдырмау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп келеді. Биыл 3 айда 33580 мектеп оқушысы мен студенттер және жастар арасында 143 профилактикалық іс-шарасы мен құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті тексеруінің нәтижесінде аса күшті дәрілік заттардың рецептісіз босатылғаны бойынша биылғы 3 айда 18 хаттама толтырылып, 3 322 800 теңге айыппұл салынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі