ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «САСЫҚ КЕУРЕК» ЖӘНЕ «ҚЫЗЫЛ МИЯ» ӨСІМДІКТЕРІН АЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНБАҚ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Комиссияда табиғатты қорғау және браконьерлік құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің баяндамасы тыңдалды. Өткен жылы бұл мақсатта орман күзеті қызметкерлерімен 1216 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 420 заң бұзушылық фактілері анықталған. Заң бұзушыларға 9 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Жыл басынан бері 40-тан астам заң бұзушылық фактілері анықталды.
Емдік қасиеті бар «Сасық кеурек» және «Қызыл мия» өсімдігі жойылу қаупінің алдында тұр. Осыған қатысты жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша ҚР Қызыл кітабына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен алтын тамыр деген қосымша атауы бар өсімдіктің жабайы өсетін сасық кеурек пен мия өсімдіктерін алуға тиым салынбақ.
Айта кетейік, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 7 орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 3 миллион гектардан астам мемлекеттік орман қоры жерлері бекітіліп берілген.