Түркістан облысында заңсыз көші-қон ұйымдастырған күдіктілерге қатысты сот үкімі шықты

Өткен жылы Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен Өзбекстан Республикасынан заңсыз келушілерді шекарадан өткізіп, ақша алып жүрген адамдар тобы ұсталған болатын. Яғни тәртіп сақшылары жедел іс-шаралардың нәтижесінде, Өзбекстан Республикасының азаматын шекарадан өткізбек болған жерінен Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады. Оны тінту барысында қалтасынан айғақты зат ретінде қағаз ақшалар тәркілеп алынды.
Оған қоса тергеу аясында күдікті, өзінің басқа да сыбайластарымен бірге Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан сым торлары арқылы 2 ай көлемінде заңсыз 10 Өзбекстан Республикасының азаматын өткізгендігі белгілі болды. Олар осы қызметтері үшін шетелдік азаматтардан 800 000 теңгеден астам ақша алған.
Сарыағаштық полицейлердің шұғыл әрекетінің арқасында осы қылмыстық іске байланысты жалпы 5 күдікті ұсталды, біреуі әйел. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар болып шықты. Тіпті кейбірі шекара аймағында тұратыны белгілі болды. Сондай-ақ күдіктілердің 4-еуі бұрын сотты болғандар. Осы істің ақ-қарасын ажыратып, күні-түні жұмыс жасаған тергеушінің бірі, полиция аға лейтенанты Ерасыл Намазбаев.
Ол орын алған қылмыс бойынша: «Бұл іс 3 ай бойы тергелді. Күдіктілерді анықтадық. Алдымыздан кездескен барлық кедергілерден өттік. Олардың кінәсін дәлелдеу үшін қажетті айғақтарды жинақтадық. Іс бес томды құрады. Аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, айыптау актісімен сотқа жолданған»-деп атап өтті тергеуші.
Қазіргі таңда сот шешімімен заңды шешім қабылданды. Күдіктілердің ҚР ҚК-нің 394-бабында көрсетілген қылмысты жасағандары дәлелденіп, кінәлі деп танылды. Күдікті бесеу, яғни 34-47жас шамасындағы 4 ер адамға және 42 жастағы әйелге сот үкімімен 2 (екі) жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.