ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТАУЛЫ АЙМАҚТАРДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысындағы таулы аймақтарда жылыту маусымы биыл 11-15 қазан аралығында басталды. Нақтырақ айтқанда, Төлеби, Түлкібас, Созақ, Қазығұрт, Бәйдібек, Сайрам аудандары мен Кентау қаласында орталықтандырылған жылу қазандықтары кестеге сәйкес қосылуда. Қалған аудан, қалаларда жылыту маусымы қараша айында басталады деп жоспарланып отыр. Жылу беретін кәсіпорындар жылу маусымына дайын.
Жылу беру маусымына дайындық пен оның қалыпты деңгейде өту барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбадының жіті бақылауында.
Облыста 1 жылу энерго орталығы және 34 орталықтандырылған жылу қазандығы бар (Кентау – 1 ЖЭО, Түркістан – 16, Арыс – 8, Отырар – 2, Төлеби – 2, Сарыағаш – 2, Созақ – 4). Оның ішінде, Кентау қаласы – көмір, Созақ ауданы – мазут, қалған аудан, қалалар табиғи газ отынымен жылытылады.
Жылыту маусымында бірінші кезекте әлеуметтік нысандар, яғни білім ошақтары, балабақшалар мен медициналық нысандар жылуға қосылады.
Сонымен қатар аудан, қалалардағы тозығы жеткен орталық қазандықтарға тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нақтырақ айтсақ, Кентау қаласында биыл 6 қазандықты қайта құру жоспарланған. Қазіргі уақытта төрт қазандықтың (№8,9,10,11) жұмыстары толық аяқталды. Қалған екі қазандықта (№7,12) құрылыс-монтаждау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұдан бөлек, екі қазандықта (№5,6) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Жылыту маусымына 6 қазандық дайын.
Бұдан бөлек, Арыс қаласындағы орталық қазандықтар толығымен табиғи газбен жылытылады деп күтілуде. Биыл қазандықтарға дейінгі 4 753 метр табиғи газ құбырының монтаждау жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар Созақ ауданында қазандықтарды жылыту маусымына дайындау мақсатында мазут қазандығы мен жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс көлеміндегі барлық орталықтандырылған жылу қазандықтары мен 737 көпқабатты тұрғын үй және 2243 бюджеттік мекеме жылыту маусымына дайындалған. Оның ішінде, білім – 1279, денсаулық – 668, мәдениет – 212, әлеуметтік – 9, спорт нысандары – 75.
Алдағы жылыту маусымын қалыпты деңгейде өткізу жұмыстары жауапты сала басшыларының тұрақты бақылауына алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі