ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТҰҚЫМБАҚТАРДА 35 МИЛЛИОННАН АСТАМ АҒАШ КӨШЕТТЕРІ ӨСІРІЛІП ЖАТЫР
Түркістан облысында 2024 жылдың көктем айларында елді мекендерді көгалдандыруға 522 935 түп көшет егу жоспарланып, оның 483 935 көшеті егілген. Ал, күзгі науқанға 515 935 дана көшет егу жоспарлануда. Жалпы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыстағы 852 елді мекеннің 90%-н көгалдандыру үшін 4 млн-нан астам көшет отырғызу жоспарланып, жұмыстар атқарылуда. Бұл жайында Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев брифингте мәлімдеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстың орман қоры жерлеріне 2021-2025 жылдары 170 млн көшет, елді мекендерге 1,1 млн көшет егу бойынша аймақтық жоспар бекітілген. Кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2023 жылдарда 51,6 мың гектар жерге 78 млн дана көшет егілді. Сондай-ақ, облыста 350 гектарды құрайтын 10 уақытша тұқымбақта 35 млн-нан астам ағаш көшеттері өсірілуде. Алдағы уақытта көшеттер санын 50-60 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, спикер облыстағы тауарлы балық өсіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Түркістан облысы бойынша 2030 жылға тауарлы балық өсіру көлемін — 20 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін — 7 мың тоннаға жеткізу көзделген. Статистикалық есептер бойынша облыстағы балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарымен 4 900 тонна балық өнімдері өңделген. Ал, 2024 жылдың 6 айында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен балық шаруашылығын дамыту мақсатында 24 кәсіпкерге 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие берілген.
Сондай-ақ, Қайрат Амангелдіұлы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы қолға алынған шаралармен бөлісті. Өткен жылы 103 181 тоннаға жуық қалдық жиналып, оның 23 734 тоннасы қайта өңдеуге бағытталған. Ал, биылғы жылдың басынан бері 46 128 тонна қоқыс жинақталып, оның 10 905 тоннасы қайта өңдеуден өткен. 2023 жылы арнайы ғарыштық түсірілім кезінде облыс аумағынан 414 бей-берекет қоқыс орындары анықталып, жыл соңында толық жойылған. 2024 жылдың басынан 41 нүкте анықталып, бүгінгі күнге 30 нүктесі ретке келтірілді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі