ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖҮЗГІШТЕРІ 10 МЕДАЛЬ ОЛЖАЛАДЫ

Ақтөбе қаласында жүзу спортынан Қазақстан Республикасының кезекті чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен келген 316 жүзу шебері қатысты. Бұл ел чемпионаты биыл 18 маусым мен 3 шілде арасында Венгрияның Будапешт қаласында су спорты түрлерінен өтетін әлем чемпионатына іріктеу болып саналады.

Білікті басшы Денис Жарменов жетекшілік ететін Түркістан облысының су спорт түрлерінен олимпиадалық спорт мектебінің талантты сайыпқырандары бағдарламаның бірнеше тәсілдері бойынша 10 жүлдеге қол жеткізді. Нақты айтқанда, 2 алтын, 5 күміс жəне 3 қоланы жеңіп алды.

200 метрге брасс әдісі бойынша және 400 метрге аралас стильде жүзуде Дарья Марасанова 2 алтын медаль еншіледі. Ал 400 метрге аралас тәсілде жүзу бойынша Қаракөз Даниэль «күміспен күптелсе», 200 метрге жүзуден Дарья Марасанова күміс медаль олжалады. Сондай-ақ М.Болдырева, Д.Марасанова, Д.Васильченко, Д.Тоқтобаева күміс жүлденің иегерлері атанды. 400 метрге жүзуден командалық эстафета бойынша М.Болдырева, К. Шашин күміс алқаны еншіледі. Чемпионатта 400 метрге аралас стильде жүзуде Дария Тоқтобаева қола медальді місе тұтса, 200 метр баттерфляй әдісінде Даниэль Қаракөз үшінші орынға ие болды. 200 метрге жүзуде Дарья Марасанова қоржынға қола жүлде салды.

Жарысқа спортшыларды жүзу спортынан Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Жанас Шалдарбеков және Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Александр Смолеев дайындады.