ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР
Сәуір айынан бастап республика бойынша «Таза Қазақстан» тазалық науқаны басталған болатын. Акция аясындағы іс-шаралар Сайрам ауданында бүгінде өз жалғасын тауып жатыр. Осы орайда, аудан аумағын көркейту бағытында аудан әкімі Арман Сәбитовтің бастамасымен аудан, ауылдық округ аумағындағы тұрғын үйлердің аулалары мен көшелері тазаланып, көріктендіру, абаттандыру шаралары қарқынды қолға алынуда. Атап айтқанда, шөп ору, ағаш түптерін әктеу, темір қоршаулар мен орындықтарды сырлау, қураған ағаш бұталарын қырқу, жол жиектері мен арық-атыздарды қоқыс қалдықтарынан арылту жұмыстары апта сайын қызу жүріп жатыр.
Қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтын аудан әкімі әр ауылдық округтерді арнайы аралап, тазалық жұмыстарының атқарылу барысын бақылады. Аралау барысында тиісті сала басшылары мен орынбасарларына, сондай-ақ, ауылдық округ әкімдеріне алдағы уақытта тазалық жұмыстарын бұдан да қарқынды жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, аудан аумағында жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін жалпы 72 сенбілік өткізілді. Сенбіліктерге жалпы 135000 адам және 267 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 5012 тонна күл-қоқыс қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон аумақтарына шығарылды. Сенбілік барысында 753 шақырым облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелер, 52 шақырым аяқжол, 98 шақырым ирригациялық жүйелері мен арық-атыздар күл-қоқыстардан тазаланды. Бұдан бөлек, 16 саябақ пен сквер, 33 аялдама, 42 спорт және балалар алаңшалары мен 12 стрит-воркауттар сырланып, қалпына келтірілді.
Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» КММ тарапынан берілген 23200 түп көшет жол жиектеріне, өзен жағалауына және демалыс аумақтарына отырғызылды. Сонымен қатар демеушілер есебінен берілген 2000 ағаш және гүл көшеттері егілді. Аудан келбетін көркейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі