ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА СПОРТ САЛАСЫ ЖАҢА СЕРПІНМЕН ДАМИДЫ
Түркістан облысы, Созақ аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков спортшылар және жаттықтырушылармен кездесті. Кездесу барысында Созақ спортында салмағы бар, жуырда өткен ҚР чемпионатында жоғары дәрежеде өнер көрсеткен гір тасын көтеру шеберлеріне алғыс хат табыс етіп, сый-сияпат жасады.
Олардың алдағы жарыстарына сәттілік тілеп, мұнан да биіктен көріне беруіне тілектес екенін жеткізді. Еркін форматта өткен кездесу барысында Созақ ауданының әкімі Мұхит Сексенбайұлы: «Спортшылардың еңбегін жоғары бағалаймын. Себебі маңдай термен елдің абыройын көтереді. Салауатты өмір салтын ұстанып, жастарға үлгі болады. Бүгінгі кездесудің мақсаты — спорт саласындағы өзекті мәселені талқылау. Сондықтан кез-келген жағдайды ортаға салып, ашық әңгімелесеуге шақырамын. Менің алдыма қойған үлкен бір жоспарым бар. Ол ауданда зәулім, замануи спорт ғимаратын салу. Қазір бұл бағыттағы жұмысты бастап кеттік. Жобалау- сметалық құжаттарын жасатып жатырмыз. Бұл жобаның жүзеге асуына күш саламыз» деді.
Кездесу барысында, халықаралық дәрежелегі спорт шебері Мұрат Серікбаев гір тасына қажетті спорттық жабдықтао қажеттілігіне тоқталды. Сондай- ақ гір тасын көтеру спортын мектепаралық спартакиадаға енгізуді қолға алсаңыз деген ұсынысын айтты. Бұл мәселені алдағы уақытта шешілетінін жеткізген аудан әкімі бапкерге ризашылығын білдірді.
Аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақтыбай Сәрсенбаев футзалдан кәсіби футбол командасын жасақтауды ұсынды. Бұл ұсыныс қолдау тапты. Бокс жаттықтырушысы Самат Сармантаев қазіргі қолданыстағы ринг ескіріп, жаңасын алу қажеттілігі туындап отырғанын айтты. Сондай-ақ карантин талабына сай үш жылдан бері үзіліп қалған бокстан Біржан Жақып атындағы турнир мен аудан әкімі кубогын өткізуді қолға алсақ деген ұсынысын жеткізді. Айтып отырған ұсыныстың орынды екеніне тоқталған аудан басшысы жаттықтырушылар мен спортшылар көтерген мәселелердің шешілуіне күш салатынын айтты. Өзге де мәселелер көтерілген кездесуде Созақта спорт саласын дамытуға қолдау күшейетіні айтылды.