ТҮРКІСТАН: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ШАРДАРАДА КЕЗЕКТІ ЭКО-АКЦИЯ ӨТТІ
Түркістан облысы аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық жұмыстары күнделікті өткізіліп келеді. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда аудан, қалаларда жалпы 500-ге жуық ауқымды тазалық іс-шарасы өткізілді. Бүгін Шардара ауданында, «Ұзын Ата» кесенесі маңын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Эко-акцияға 10 ауылдық округтен 150 адам қатысты.
Шараға ауданның ақсақалдар алқасы, белсенді жастар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, тұрғындар қатысты.
«Таза Қазақстан» — еліміздегі ең ауқымды шара. Бұл бағдарлама әрбір тұрғынның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, туған жерді таза ұстауға бағытталған. Біз өз өлкемізді келер ұрпаққа таза, экологиясы қалыптасқан, қоқыссыз, жасыл желекті жер ретінде қалдыруымыз керек», деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібеков Тоқсанбай ақсақал.
Өткен аптаның ішінде 11 ауданның 25 елді мекенінде ауқымды сенбіліктер өткізіліп, нәтижесінде 28,2 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 2 мыңнан астам тұрғын қатысып, 27 техника жұмылдырылды.
Бүгінгі таңда «Taza Qazaqstan» телеграм бот платформасына 490 өтінім түскен. Оның ішінде, 472 өтінім орындалған, 2 өтінім орындалу барысында, 16 өтінім мағынасыз болғандықтан, кері қайтарылған. Сонымен қатар биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған 25 300-ге жуық азаматқа хаттама толтырылып, 288,5 млн теңгеге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, 1217 ескерту және 625 айыппұл салынды. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан, қала әкімдіктері мен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп күзде ағаш отырғызу бойынша ауқымды акция өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, облыс аумағында жалпы 500 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ. Бұл акция өңірлерді көгалдандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бүгінде ағаштарды отырғызуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Атап өтейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыста «Үлгілі ауыл» байқауы өтуде. Оған қазіргі таңда облыстық деңгейге 75 ауыл қатысып жатыр. Ал Арыс қаласында аталған байқау «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі көше», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі кіреберіс» номинацияларын да жүзеге асыруда. Бұл байқау қаланың көркін арттырып, тұрғындар арасында көріктендіру және тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.