ТҮРКІСТАН: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БОЙЫНША АУДАН, ҚАЛА ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ ӘЗІРЛЕНДІ
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы жалғасын тауып келеді. Жыл соңына дейінгі бекітілген кестеге сәйкес аудан, қалаларда жалпы 624 ауқымды сенбілік өткізілді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандардыруды, жүйелеуді және жіті қадағалауды тапсырды.
Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, облыс көлемінде сенбіліктер тұрақты өткізіліп жатқанын жеткізді. Өткен аптаның ішінде 14 ауданның 35 елді мекенінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, 3 мыңнан аса тұрғын қатысып, 67 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 40 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтары реттеліп, тазалау жұмыстары жүргізілді.
Республика күніне орай, барлық, аудан, қала аумақтарында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған 30 мыңнан аса тұрғын атсалысып, 456 техника тартылды. Сенбілік барысында 790 ағаш отырғызылып, 200-ден аса аялдама ретке келтірілді. Ішкі жол бойлары тазаланған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» бағдарламасын ұйымдастыру бойынша аудан, қала әкімдерінің рейтингі әзірленді. Әкімдердің жұмысын бағалау барысында бірнеше критерийлер басшылыққа алынды. Нәтижесінде Түркістан қаласы және Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, аудандарының көрсеткіштері жоғары деңгейді құраса, Сарыағаш, Шардара, Түлкібас аудандары және Арыс, Кентау қалалары орта деңгейдегі көрсеткіштерге қол жеткізді. Ал қалған аудандардың көрсеткіштері төмен деңгейде. Әдістеменің көмегімен аудандар мен қалалар әкімдерінің абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарының объективті бағалауға және өңірлердің дамуын ынталандыруға мүмкіндік туады.
Телеграмм бот платформасында бүгінгі таңда 534 өтінім түскен. Оның ішінде 517 өтінім орындалып, 16 өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылды. Ал 1 өтінім орындалуда. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 25 мыңнан астам хаттама толтырылып 288,5 млн. теңгеге айыппұл салынды.
Бүгінде абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 25 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен 15 мыңнан астам кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде мыңнан аса ескерту және 625 айыппұл салынды. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі. Сондай-ақ 120 көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы келбеттерін ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде 81 көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы келбеті ретке келтірілді. Жыл соңына дейін 39 көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы қасбеттері ретке келтірілмек.
Айта кетейік, бүгінде аудан, қала әкімдіктері тарапынан елді мекендерді көгалдандыру бойынша ағаштар отырғызылатын орындар жоспарланып, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қараша айынан бастап ағаштарды отырғызу жұмыстары жоспарлануда. Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағаланады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі