ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ ШАҒЫН СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Бүгін Төлеби ауданында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Тур аясында журналистер алдымен Қаратөбе ауылдық округіндегі шағын су электр станциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жеке инвестор «Тау Энерго» ЖШС тарапынан салынып жатқан станцияның қуаттылығы сағатына 3,2 МВТ құрайды. Бұдан бөлек, журналистер Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде салынып жатқан «Жасыл қуат» ЖШС-ң шағын су электр станциясына барды. Станцияның қуаттылығы сағатына — 2 МВТ. Аталған нысандар 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Инвестициялық жобалар жүзеге асқан жағдайда тұрғындар үшін тұтынатын электр жарығының бағасы «Оңтүстік Жарық» мекемесі ұсынып отырған тарифтен төмен болмақ. Сондай-ақ, екі станцияда 10 бірліктен жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі