ТҮРКІСТАН: «ҮЛЕС» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН ЕКІ МҰҚТАЖ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Республика күні мерекесі қарсаңында бүгін екі түркістандық мұқтаж отбасы баспаналы болды. Үйді «Үлес» қайырымдылық қоры салып берді. Бұл қайырымдылық қоры осымен өңірдегі 45-отбасыға үй сыйлап отыр.
Ізгі шараға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов, этномәдени бірлестіктерің мүшелері, ақсақалдар, БАҚ өкілдері қатысты.
Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, ұлағатты ұстаз Райымжан Қошқаров жұртшылыққа «Үлес» қоғамдық қоры арқылы жасаған қайырымды істерімен де жақсы таныс. Ол басқарып отырған қор 14 жылдан бері үй салып, баспанаға мұқтаж отбасыға тегін беріп келеді.
Еліміздің ұлық мерекесінде қуанышқа кенелген отбасының бірі – түркістандық Ф.Ахметжанова. Оның 3 ұлы, 1 қызы бар. Жолдасы көлік апатына ұшырап, қаза тапқан. Төрт бөлмелі өз баспанасының табалдырығын аттаған жалғызбасты ана қуаныштан көзіне жас алып, көмек қолын созған барша азаматтарға алғысын білдірді. Ал ақсақалдар құтты баспана болсын деген тілеулестікпен ақ баталарын берісті.
Аталған қордың көмегімен екінші баспана Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылындағы мұқтаж отбасыға берілді. Осы ауылдың атымтай жомарттары мен 2004 жылы бітірген мектеп түлектері бірлесіп, ескі үйдің орнына жаңа баспана салып берген. Шаңырақ иесі Ә. Хайдаров жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын жеткізіп, «Еліміз аман, егемендігіміз мәңгі болсын, әрбір шаңырақтан ырыс-береке кетпесін» деген тілегін айтты.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөз бекер айтылмаған. Жанымызда қайырымды жігіттер қатары көбейді. Бізге әркім өз еркімен келеді. Бағалай білсек, жақсы адамдар көп. Жайдан жай, себепсіз ештеңе болмайды. Белгілі бір отбасына үй салып беретін кезде бәрі жан-жақты тексеріледі. Расында да ол отбасы мұқтаж ба? Негізінен, тұрмысы нашар, шиеттей бала-шағамен жесір қалған, ауылда тұратын мұқтаждарды баспаналы еттік. Түрлі тағдыр. Қырықтан аса үйдің кілтін тағдыры бір-біріне ұқсамайтын қаншама жандарға бердік. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген халық даналығы. Сауабы мол осы қайырымдылықтың бәрі менің достарымның, шәкірттерімнің, жалпы атсалысып отырған көпшіліктің ынтымағының нәтижесі», – дейді игі істің басы-қасында жүрген «Үлес» қайырымдылық қорының басшысы Райымжан Абдусаттарұлы.
Бүгінде «Үлес» қайырымдылық қорының 300-ге жуық мүшесі бар. Олардың басым бөлігі – он саусағынан өнер тамған ұсталар мен шеберлер, құрылысшылар, баспана салуға машықтанған мамандар. Яғни қайырымды жандар тікелей жұмысынан тыс уақытта салынып жатқан құрылысқа келіп қолұшын береді. Құрылыс материалдары да кейде қордың өзінен, кейде қайырымдылық акциялардың, демеушілердің есебінен жинақталады. Ынтымақ, бірліктің нәтижесінде имандылық ұйыған Түркістан облысында көпке үлгі боларлық осындай игі істер атқарылып келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі