ТҮРКІСТАНДА ЕЛІМІЗДЕ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ СУ СПОРТЫ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев еліміздегі ескек есу жəне желкен спорты бойынша оқу-жаттығу жиындары өтетін Бадам су-қоймасы спорт базасының жұмысымен танысып, спортшылармен кездесті. Әмбебап оқу жаттығу базасы 130 адамға арналған. 8 гектар аумақты алып жатқан спорт базасында жасанды көл, екі спорт алаңшасы, қайықтарды қажетті температурада сақтайтын қойма мен жөндеу орындары да бар. Түркістан дербес облыс атанғанда, облыстық спорт кешені Шымкент қаласының үлесіне өткен. Қазір мұнда Түркістан облысы мен шымкенттік спортшылар жаттығуда.

Халықаралық дәрежедегі ескек есу каналы Түркістан қаласында келер жылы салынады. Елімізде теңдесі жоқ олимпиадалық су кешенінің эскиздік жобасын облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы мақұлдады. Ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай  орталық 80 гектар алқапқа жайғасады. Осылайша Қазақстанда су спорт түрлерінің дамуына ықпал етіп қана қоймай, Түркістанда жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік туады.

Сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, теннис, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрлерін дамытуға септігін тигізетін спорт кешенінде кеңселер, қонақ үйлер, сауда орталықтары, кафелер, спорт және ойын алаңдары, аквапарк, балалар аттракциондары және тағы бас нысандар орналасады.

Түркістан облысының ескекшілері республикида көш бастап келеді. Қазақстан ұлттық құрама командасы мүшелері 2021 жылы өтетін Токио олимпиадасының жолдамасы үшін лицензиялық турнирлеріне жоғары деңгейде дайындық жасауда. Түркістан облысынан лицензиялық жарыстарға ескек есуден Ирина Клинова мен академиялық ескек есу спортынан Владислав Яковлев, сонымен қатар параконоэден еліміздің ең дарынды спортшылары Жалғас Тайкенов пен Бибарыс Спатай олимпиаданың жолдамасы үшін жарыс жолына шығады.

Ескек есу бойынша 300-ден астам  түркістандық спортшылар Азия чемпионаттары мен Олимпиадалық ойындардардың жүлдегерлері. 2012 жылы Лондон қаласында өткен Олимпиадалық ойында және 2016 жылы Бразилияда өткен дүбірлі сайыста әлемнің үздік ондықтар қатарына кірген.