ТҮРКІСТАНДА ЕҢ ҮЗДІК КІТАПХАНАШЫ АЗАМАТ АНЫҚТАЛДЫ

Бүгін облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітапханашы азамат» байқауы өтті. Байқау шымылдығын облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Арыс, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Жетісай, Келес, Түлкібас, Сарыағаш аудандарынан келген ер-азамат кітапханашылар екі кезең бойынша бақ сынады. Қатысушыларды облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы, ақын Мұқағали Кенжетайұлы, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапхана директоры Жанат Шардарбекова және «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің журналисті, ақын Бауыржан Ерман бағалады. Нәтижесінде түлкібастық кітапханашы Нұрбол Нышанбай жеңімпаз атанып, республикалық «Жас кітапханашы» байқауына қатысуға жолдаманы иеленді. Сондай-ақ Отырар ауданының кітапханашысы Жасұлан Таменов І орын, жетісайлық Қуаныш Бахтиерұлы ІІ орын, Созақ ауданы, Жартытөбе ауылдық кітапханасының қызметкері Ғазиз Смағұлов жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар байқауға қатысушыларға облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының атынан арнайы алғыс хат табысталды.

Айта кетейік, байқау мақсаты – көпшілік кітапханалардың кадрлық әлеуетін дамыту, ер азамат кітапханашы мамандардың кәсіби құзыреттілігі мен шеберлігін арттыруға жәрдемдесу, кітапхана саласына ер азаматтарды тарту, шығармашылық бастаманы дамыту және жас кітапханашыларды ынталандыру.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі