ТҮРКІСТАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР СЕМЕЙ ӨҢІРІНЕ САПАР ШЕКТІ

Түркістандық ардагерлер ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Семей қаласына аттанған болатын. Ақсақалдарды Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қарсы алып, түркістандық қонақтарды ақынның құрметіне орай өтетін іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Кейін қонақтар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Семей қаласындағы «Алаш арыстары» мұражайына аялдады. Онда ұлт үшін туған ерлердің рухына тағзым етіп, көне жәдігерлермен танысты.
«Шынында шығыстағы киелі жерге келу біз үшін үлкен бақыт. Бүгінде қазақтың бас ақыны Абайды дүниежүзі танып жатыр. Оның еңбектері бірнеше тілге тәржімалануда. Дара тұлғаның шығармашылығын насихаттау арқылы біз қазақ ұлтын әлемге таныта аламыз»,- деді Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Пернетай Досыбеков.
Түркістан қаласы әкімдігі шайырдың мерейтойына орай, Семей қаласындағы мешіт аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, аумақ көгалдандырылып, аяқжол төселді. Сонымен қатар, мешіт айналасы жарықтандырылды. Бұдан өзге, 500 көлікке арналған автотұрақ салынып, ағаштар мен гүлдер егіліп, балалар ойын алаңшасы салынды.