ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЗЮДОШЫ ДИДАР ХАМЗА ЖАҢА САЛМАҚТА ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Ақтау қаласында өтіп жатқан дзюдодан Қазақстан чемпионатында Түркістан облысының талантты балуаны Дидар Хамза 90 келіге дейінгі салмақта алтын медальге ие болды. Бұл Түркістан облысы болып құрылғалы алғашқы алтын жүлде. Чемпионатта топ жарғандар іріктеліп, төртжылдықтың басты додасы, келер жылы өтетін Токио олимпиадасының лицензиялық турнирлеріне қатыса алады.
Елішілік сайыста республикамыз бойынша кілең мықты балуандар бақтарын сынауда. Бұрын 81 келіде бақ сынаған Дидар жаңа салмақта жеңіске жетіп отыр. Екінші орынды шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров иеленсе, үшінші орынды Аслан Сағитбек (Қостанай облысы) пен Әділет Мисин (Ақтөбе облысы) еншілеген.
Түркістан облысының дзю-до күресінен аға жаттықтырушысы Серік Құлтаевтың айтуынша, ерлер мен әйелдер 7 салмақ бойынша белдесуде. Әр облыс, қаланың бапкерлері Қазақстан чемпионатына ең үздік деген шәкірттерін алып келген. Боз кілемде белдесіп жатқан әйелдер арасында Түркістан облысының дарынды балуаны 70 келі салмақта өнер көрсететін Перизат Жақыпбекова күміс жүлдегер атанды.
Сонымен қатар, 81 келідегі жас балуанымыз Нұридин Ералхан қола жүлдегер атанса, Молдаш Керімбек үздік бестікке енді. Бүгін ерлер арасында 100 келі мен одан жоғары салмақтағы балуандар шеберліктерін көрсетеді. Ал, әйелдер арасында 78 және +78 ден жоғары бұрымды балуандар бақтары мен баптарын сынайтын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі