ТҮРКІСТАНДЫҚ ЕРІКТІЛЕР ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТКЕ ИЕ БОЛДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Волонтерлер жылының жабылу рәсімі өтті. Елдегі карантиндік шектеулерге байланысты онлайн түрде өткен шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және аймақтағы еріктілер қатысты. Облыс басшысы  облыстағы барлық волонтерлерге ризашылығын айтып, алғыс білдірді.

Мемлекет басшысының алдында Түркістан облысының еріктілері атынан сөз сөйлеген Олжас Мамыр Арыстағы апат пен Мақтааралдағы су тасқыны кезіндегі еріктілердің еңбегі жайлы айтып өтті. Төтенше жағдай кезінде жылдам әрекет етуді үйреткен үлкен тәжірибемен бөлісіп, барлық волонтерлерге төтенше жағдаймен күресті үйрететін оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Волонтерлер жылының жабылуында Түркістан облысы басшылығы жас ерікті Айдана Есіркепті Ерен еңбек номинациясы бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттады. «Қазақстан волонтерлар лигасы» Түркістан облыстық филиалының төрайымы 900 жуық волонтерлармен жұмыс жасайды. Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде жедел топпен бірге мыңнан астам жедел волонтерлар жасағын құрған.

Еріктілер халыққа алғашқы көмек көрсетіп, құжаттарды жинау және жапа шеккендерді көшіріп, азық — түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысты. Мақтааралдағы су тасқыны кезінде де Түркістан облысының еріктілері тынымсыз көмек көрсетті. Пандемия уақытында волонтерлар тобымен медициналық маскалар таратып, індеттің алдын алу шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Түркістан облысында бүгінде 10 000-нан астам волонтер бар. Еріктілер «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» атты 7 салалық бағыты бойынша жұмыс істейді. Рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына еріктілерді тарту бағытында құрылған «Асыл Мұра» жобасы да жүзеге асырылды.